Қазақстан полицейлері БҚО-да спорттық сайыста өзара сынға түсті

Оралда Президенттік көпсайыстан “Динамо” ДШСҚ-ның X жазғы ведомствоаралық спартакиадасы мен ІІМ чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды  BAQ.KZ.

Polisia.kz-тің жазуынша, жарысқа еліміздің әр өңірінен құқық қорғау органдарының, арнайы және күштік құрылымдарының қызметкерлері қатысты.

П.Атоян атындағы стадионда 150 адамнан құралған 29 команда бақ сынады. Айта кетейік, Президенттік көпсайыс – өте күрделі қызметтік-қолданбалы спорт түрі. Екі күнге созылған жарыста мықты спортшылар анықталды. Олар әскери қарудан ату, жүзу, граната лақтыру және әртүрлі қашықтыққа, яғни жас ерекшеліктеріне сәйкес 60, 100 және 1000, 3000 метрге жүгіру бойынша жарысты.

Қазақстан Республикасы ІІМ және “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамы чемпионатының қорытындысы бойынша облыстық полиция департаменттері арасында командалық есепте Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің құрама командасы алтыннан алқа тақса, Ақмола облыстық ПД ойыншылары екінші орынды, Алматы қалалық ПД командасы үшінші орынды қанжығаға байлады.

Құқық қорғау органдары арасында жинаған ұпайларының нәтижелері бойынша командалық есепте ІІМ құрамасы Президенттік көпсайыстан чемпион атанды. “Динамо” командасы күміс жүлдегер, ал Ұлттық ұлан командасы қола жүлдегер атанды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы