Қазақстан Physical AI әлемдік хабына айнала ала ма? NVIDIA басшысы ұсынысын айтты
Дженсен Хуанг Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды.
NVIDIA жетекшісі Президенттің жаңа өнеркәсіптік революцияның бастапқы кезеңінде Қазақстанды жасанды интеллект елі ретінде өркендету жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл бастама жасанды интеллектіні дамытуға және оны кеңінен енгізуге бағытталған.
Бұдан бөлек, компания басшысы Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды.
– Жасанды интеллектіні дамыту үшін, ең алдымен, мол қуат көзі, сондай-ақ ғылым, математика мен технология салаларында білім-білігі жоғары мамандар керек. Осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті, – деді Дженсен Хуанг.
Сондай-ақ ол NVIDIA компаниясының елімізбен ықпалдастығы аясында кейінгі жылдары елеулі табысқа қол жеткізілгеніне, технологиялық компаниялармен байланыстар нығая түскеніне назар аударды.
– Соңғы жылы өзара қарым-қатынасымыз өте нәтижелі болды. Біз қазақстандық, соның ішінде Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелеком» компанияларымен серіктестік байланыстарды дамыта бастадық. Сонымен бірге Қазақстанның алғашқы технологиялық сыңармүйізі саналатын Higgsfield компаниясына қолдау көрсетеміз. Бұл жоба жаһандық технологиялық экожүйеде ойып тұрып орын алды. Бірге атқарған жұмыстарымызға дән ризамын. Бұл біз еңсеретін жолдың басы ғана. Еліңіздің компаниямызбен ынтымақтастық орнатқанына қуанамын, – деді компания жетекшісі.
Айта кетейік, бұған дейін Президент NVIDIA компаниясының президенті Дженсен Хуангпен кездесті.