Қазақстан Пәкістанға экспортты 21,5 млн долларға арттыруға дайын

Бұл туралы Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Пәкістан Ислам Республикасы экономикалық істер министрінің бірінші орынбасары Казим Ниязбен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығының өзекті мәселелері мен перспективаларын, соның ішінде екіжақты сауданы одан әрі ұлғайту, инвестициялар тарту, транзиттік-көліктік әлеуетті пайдалану мәселелерін талқылады.

Арман Шаққалиев атап өткендей, Пәкістан Қазақстанның маңызды сауда серіктесі саналады.

Қазақстанның жоғары қосылған құны қайта өңделген өнімді экспорттау үшін үлкен мүмкіндіктері бар. Бұл мұнай-химия, металлургия, тамақ, химия, машина жасау, фармацевтика салаларының өнімдері, сондай-ақ көлік құралдары. Жалпы, бұл $21,5 млн сомаға 40 өңделген тауар, - деді Арман Шаққалиев.

Бүгінгі таңда Өзбекстан, Түрікменстан мен Ауғанстан аумақтары және Солтүстік-Оңтүстік дәлізі арқылы теңіз порттарын қолдана отырып, Иран аумағы немесе Қытай құрлықтық бағыттармен өзара жеткізу мүмкіндігі бар. Тасымалдардың тағы бір бағыты Қарақорым тасжолы арқылы Қырғызстан, Қытай аумақтары арқылы және одан әрі Пәкістанға өтуі мүмкін.

Пәкістанның экономикалық істер министрінің бірінші орынбасары Казым Нияздың айтуынша, Пәкістан Қазақстанға теңіз өнімдерін, құрылыс материалдарын, спортқа арналған жабдықтар, тоқыма, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға дайын.

Казым Нияз қазақстандық бизнесті Пәкістанның инвестициялық мүмкіндіктерін бағалауға шақырды және өз елінің шетелдік инвестицияларға қызығушылығын атап өтті.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасының жобасын келісу барысын талқылады және оған келесі жылы қол қоюға келісті.

Айта кету керек, кездесу 21 желтоқсанда Астанада Қазақстан-Пәкістан сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 12-отырысы қарсаңында өтті.

Сонымен қатар биылғы жылдың 21 желтоқсанында екі елдің бизнес топтары арасында дөңгелек үстел жоспарланған. Бұл іс-шараға экономиканың түрлі салаларындағы 40-тан астам қазақстандық және пәкістандық компаниялар қатысады деп күтілуде.

Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-қазан айларында 38,7 млн АҚШ долларын құрады.

Қазақстан Пәкістанға негізінен кептірілген бұршақ, сұлы, пияз, сарымсақ, зығыр тұқымы, қарақұмық, тары және басқа да дәнді дақылдарды экспорттайды.

Пәкістан импортының негізгі тауарлары цитрус жемістері, картоп, дәрі-дәрмектер, киім және тағы басқалары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сауда және интеграция министрлігі
Өзгелердің жаңалығы