Бүгiн 2026, 12:26 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мұхтар Холдорбеков

Қырғызстан сарапшысы: Қазақстан өзгерсе, бүкіл Орталық Азия өзгереді

Қырғызстан сарапшысы Қазақстандағы реформалардың Орталық Азиядағы саяси және экономикалық үдерістерге әсерін бағалады.

Қазақстанның бір палаталы парламент моделіне көшуі соңғы жылдардағы ең елеулі саяси өзгерістердің біріне айналып, бүкіл Орталық Азияға ықпал етуі мүмкін. Мұндай пікірді BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында қырғыз саясаттанушысы Бақыт Бәкетаев айтты.

Қырғызстанда Қазақстанда болып жатқан үдерістерді өте мұқият бақылап отырады. Бұл жай ғана көрші елге деген қызығушылық емес. Біз үшін Қазақстан әрдайым Орталық Азияның саяси әрі экономикалық барометрі іспетті болды. Қазақстан өзгерсе, оны бүкіл өңір: Бішкектен бастап Душанбеге дейін сезінеді, – дейді саясаттанушы.

Қазақстанның қазіргі саяси бағыты туралы сөз қозғаған Бақыт Бәкетаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет басшысының басқару стилі көбіне дипломатиялық ұстанымға, ұстамдылыққа және реформаларды стратегиялық тұрғыдан жүргізуге негізделген.

Бақыт Бәкетаевтың сөзінше, Қырғызстандағы Қазақстандағы саяси үдерістерге деген қызығушылық тек екі елдің көршілес орналасуымен ғана түсіндірілмейді. Бұған қоса, халықтар арасындағы байланыс, экономика мен мәдениеттегі ықпалдастық та әсер етеді. Сондықтан Қазақстандағы кез келген өзгеріс Бішкекте бүкіл өңір үшін маңызды белгі ретінде қабылданады.

Қырғызстанның қарапайым тұрғындары үшін де Қазақстан ерекше қызықты. Себебі екі елдің экономикасы, мәдениеті және адамдық байланыстары өзара тығыз тоғысқан. Мыңдаған қырғызстандық Қазақстанда жұмыс істейді, білім алады, кәсіп жүргізеді. Сондықтан бізде Қазақстанның күн тәртібі өңірлік ішкі мәселе секілді қабылданады.

Қырғызстанда не айтады?

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстандағы қазіргі саяси өзгерістерді мемлекеттің кең ауқымды трансформациясының бір бөлігі ретінде қарастыру қажет. Оның айтуынша, Қырғызстанның сарапшылар қауымдастығы реформалардың өзін ғана емес, олардың сипатын да ерекше назарда ұстап отыр. Атап айтқанда, өзгерістердің біртіндеп, байыппен жүзеге асырылып, саяси институттарды күрт күйзеліссіз жаңартуға бағытталуы маңызды деп бағаланады.

Соңғы төрт жылда Қазақстан шын мәнінде үлкен өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Қырғызстанның сарапшылық ортасында көбіне үш мәселеге назар аударылады.

Біріншіден, Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттің өзіндік моделін өзгертуге деген талпыныс. Көптеген саясаттанушы Қазақстан бір маңызды қорытынды жасады деп есептейді: мемлекеттің тұрақтылығы тек экономикаға ғана сүйенбеуі керек, саяси институттарды да жаңғырту қажет.

Екіншіден, билікті біртіндеп қайта бөлу бағыты талқыланып келеді. Бұл Парламенттің рөлін күшейтуге де, партиялық жүйені жаңартуға да, конституциялық өзгерістерге де қатысты. Орталық Азия үшін бұл сирек кездесетін үдеріс. Себебі өңірдегі көптеген мемлекет дәстүрлі түрде күшті билік вертикаліне негізделіп құрылған.

Үшіншіден, сарапшылар реформалардың сақтықпен жүргізіліп жатқанын атап өтеді. Қазақстан революциялық емес, эволюциялық жолды таңдады. Бұл Қырғызстан үшін ерекше қызықты. Біз өз тарихымызда күрт саяси сілкіністерді бастан өткердік және бейберекеттіктің құнын жақсы білеміз. Сондықтан көптеген қырғыз сарапшылары: жылдам саяси күйреуден гөрі баяу реформа әлдеқайда тиімді дейді.

Бір палаталы парламент: әлемдік тәжірибеде

Бақыт Бәкетаевтың айтуынша, бір палаталы парламент моделі әлемдік тәжірибеде тосын құбылыс емес.

Бір палаталы парламент – ешқандай да экзотика емес. Мұндай жүйені қолданатын мемлекеттер әлемде аз емес. Әсіресе күрделі екі палаталы құрылым қажет болмайтын шағын немесе унитарлы мемлекеттерде жиі кездеседі.

Саясаттанушының пікірінше, парламенттің тиімділігі палаталардың санына емес, мемлекеттік институттардың сапасы мен саяси мәдениеттің деңгейіне байланысты.

Күшті бір палаталы парламенттер Швецияда, Финляндияда, Жаңа Зеландияда және Данияда бар. Бұл елдерде парламенттің тиімділігі палаталардың санымен емес, институттардың сапасымен, саяси мәдениетпен және саяси элиталардың жауапкершілік деңгейімен қамтамасыз етіледі.

Қазақстанға қатысты пікір білдірген сарапшының айтуынша, ең маңызды мәселе – парламенттің қоғамдық бақылау мен саяси диалог жүйесіндегі нақты рөлі.

Қазақстан үшін мәселе палаталардың санында емес, қоғам мүддесінің қаншалықты тиімді ұсынылуында. Кейде екі палаталы жүйе тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі, ал кейде артық бюрократиялық құрылымға айналады. Егер Қазақстан бір палаталы парламентке көшсе, басты сұрақ мынау болады: ол қоғамдық бақылау мен саяси диалогтың шын мәнінде ықпалды тетігіне айнала ала ма?

Бәкетаев Қырғызстанның да бір палаталы парламент жұмысын жүргізу тәжірибесі бар екенін еске салды. Оның пікірінше, бұл жүйенің артықшылықтары да, тәуекелдері де бар.

Айтпақшы, Қырғызстанның бір палаталы Жогорку Кенешпен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Біз бұл жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктерін жақсы білеміз. Артықшылығы – шешім қабылдаудың жеделдігі. Кемшілігі – саяси ахуалға тәуелділіктің жоғары болуы. Сондықтан мұнда бәрі басқару формасына емес, мемлекеттік институттардың қаншалықты жетілгеніне байланысты.

Орталық Азияға әсері

Қазақстандағы реформалардың маңызы туралы айтқан Бақыт Бәкетаев бұл өзгерістерді кеңірек өңірлік контексте қарастыру керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде бүкіл Орталық Азия өз болашағы мен өңірдегі орнын қайта пайымдау кезеңін бастан өткеріп жатыр.

Орталық Азия бүгінде тарихи тұрғыдан өзін қайта тану кезеңін өткеруде. Осыдан 15-20 жыл бұрын өңір өзара сенімсіздік пен жабық шекаралар кеңістігі ретінде қабылданатын. Қазір жағдай біртіндеп өзгеріп келеді.

Қазақстан саяси реформалар жүргізіп, басқару жүйесін жаңғыртуға ұмтылып отыр. Шавкат Мирзиёев билікке келгеннен кейін Өзбекстан сақ либерализация мен әлемге ашықтық дәуірін бастады. Қырғызстан өңірдегі ең саяси белсенді мемлекет болып қала береді. Кейде тым эмоциялық әрекет етеді, бірақ соған қарамастан саяси бәсекелестік элементтерін сақтап отыр. Тәжікстан қауіпсіздік пен билік сабақтастығы мәселелеріне көбірек көңіл бөледі. Ал Түрікменстан бұрынғы толық оқшаулану моделінен біртіндеп шығып келеді.

Сарапшының пікірінше, соңғы жылдардағы ең маңызды өзгеріс – өңірлік өзіндік сананың қалыптаса бастауы.

Бірақ ең басты өзгеріс – өңірлік өзіндік сананың күшеюі. Орталық Азия өзін енді "алып державалардың арасындағы кеңістік" ретінде емес, дербес өңірлік субъект ретінде қабылдай бастады. Бұл өте маңызды әрі терең философиялық өзгеріс.

Бақыт Бәкетаевтың айтуынша, бұл үдерісте Қазақстанға ерекше рөл жүктеледі. Өйткені ел өңірдегі ең ірі экономикаға ие мемлекет саналады.

Қазақстан – өңірдегі ең ірі экономика әрі көп жағдайда Орталық Азияның интеллектуалдық орталығы. Сондықтан мұнда болып жатқан кез келген өзгеріс көрші мемлекеттерге міндетті түрде әсер етеді.

Егер Қазақстандағы реформалар табысты болса, бұл Орталық Азияда мемлекеттілікті бұзбай-ақ саяси жаңғыру жүргізуге болатынын көрсететін маңызды үлгіге айналады. Өңір үшін бұл аса маңызды.

Сарапшы Қазақстанның ықпалы оның шекарасынан әлдеқайда асып түсетінін де атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан басқару мәдениеті, цифрландыру, инвестициялық климат және халықаралық дипломатия салаларында белгілі бір стандарттарды қалыптастырып отыр. Астанада қабылданатын көптеген шешімдерді көрші елдер мұқият зерттейді.

Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Қазақстандағы кез келген ішкі дағдарыс бүкіл Орталық Азияға бірден әсер етеді. Оның ықпалы экономикадан бастап көші-қон үдерістеріне, тіпті адамдардың көңіл күйіне дейін сезіледі. Сондықтан тұрақты әрі дамып жатқан Қазақстан өңірдегі барлық мемлекет үшін тиімді.

Сөз соңында Бақыт Бәкетаев бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің алдында ортақ стратегиялық таңдау тұрғанын айтты.

Меніңше, бүгінде Орталық Азияның алдында тарихи маңызы бар таңдау тұр. Не өңір мемлекеттері өзара дамуды үйлестіріп, бір-бірін күшейту жолын табады, не сыртқы күштердің бәсекелестік алаңы болып қала береді. Бұл үдерісте Қазақстанның рөлі шешуші факторлардың бірі болады.