Қазақстан Өзбекстанмен стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөледі – Смайылов

Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы қарсаңында Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ариповпен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көліктік және газ салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екіжақты тауар айналымын арттыру бойынша Жол картасының жүзеге асырылу барысы және кооперациялық өнеркәсіптік жобалар жұмысының нәтижелері қаралды.

Жиында мемлекетаралық су қатынастарын кеңейтуге де ерекше назар аударылды. Тараптар қалыптасқан әріптестік жоғары деңгейде екеніне тоқталып, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды орындауға және өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге дайын екендерін растады. Бұл, басқа ортақ мәселелер қатарында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқаруға және пайдалануға қатысты да айтылды.

Әлихан Смайылов Қазақстан Өзбекстанмен стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Мемлекет басшыларымыздың ерік-жігерінің арқасында біздің өзара іс-қимылымыз бүкіл өңір үшін үлгі болды, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, Өзбекстан – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. 2022 жылы тауар айналымының көлемі жоспарланған $5 млрд-қа жетті. Өткен жылдың 11 айында өзара сауда да жақсы нәтиже көрсетіп, $4,1 млрд-ты құрады.

Біздің алдымызда тауар айналымын $10 млрд-қа дейін жеткізу міндеті тұр, сондықтан сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет. Қазақстан Үкіметі белгіленген барлық мақсатқа қол жеткізу үшін бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Абдулла Арипов Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік достық пен тату көршілік және өзара құрмет рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Мемлекеттеріміздің басшылары екі ел арасындағы көпқырлы қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың нақты міндеттерін айқындады. Біз сіздермен бірге осы міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайынбыз, — деді Өзбекстан Премьер-министрі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы