1 Қазан 2026, 07:12 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан, Өзбекстан және БАӘ CASA теміржол бағытын дамытуға ниетті

Жоба Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын күшейтіп, халықаралық тасымал, сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан–Өзбекстан–Ауғанстан–Пәкістан (CASA) бағыты бойынша Пәкістанның теңіз порттарына шығатын жаңа теміржол бағытын бірлесіп пысықтауға ниетті.

Осы мақсатта Қазақстанның Көлік министрлігі, Өзбекстанның Көлік министрлігі және БАӘ-нің Энергетика және инфрақұрылым министрлігі CASA жобасы аясындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жоба Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын күшейтіп, халықаралық тасымал, сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Жаңа бағыт Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол инфрақұрылымын пайдалана отырып, Пәкістанның теңіз порттарына шығуға мүмкіндік бермек.

Меморандум аясында тараптар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, қажетті теміржол инфрақұрылымы мен байланысты нысандарды дамыту мүмкіндігін зерделеу жұмыстарын жүргізеді.

Сонымен қатар жобаның техникалық, экономикалық және қаржылық мәселелерін кешенді түрде қарастыру үшін бірлескен жұмыс тобын құру мүмкіндігі талқыланды.