21 Қазан 2026, 12:38 Фото: astanatv.kz

Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы кептеліс пен кедергілер қалай шешіледі? Депутат түсіндірді

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы көлік кептелісі мен тауар өткізу кезіндегі кедергілердің туындауына сауда көлемінің өсуі, инфрақұрылымның шектеулілігі және екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жеткіліксіз жеделдігі әсер етеді. Бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте депутат Бақтыбек Бибаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, шекарадағы мәселелерді үш негізгі факторға бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – екі ел арасындағы сауда көлемінің тұрақты өсуі. Екіншісі – өткізу бекеттері инфрақұрылымының шектеулі мүмкіндіктері. Үшіншісі – туындаған мәселелерге жедел әрекет ету және өзара іс-қимылды үйлестіру қажеттілігі.

Мәселелер бар екенін бәріміз мойындап отырмыз. Сауда көлемі өсіп келе жатқанда туындаған мәселелерге бірден реакция болмаса, әрине, кептелістер пайда болады. Бұл тауар айналымына да кері әсер етеді, – деді Бақтыбек Бибаев.

Оның сөзінше, Қазақстанның Ресейде, Беларусь пен Қытайда кедендік ынтымақтастықты дамытуға және өзара іс-қимылды үйлестіруге көмектесетін өкілдері бар. Мұндай өкілдіктер туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Депутаттың пікірінше, кеден өкілдері болмаған жағдайда, екі елдің құзыретті органдарына мәселелерді ресми хат алмасу арқылы шешуге тура келеді. Ал бұл өзара іс-қимылдың жеделдігіне әсер етуі мүмкін.

Бақтыбек Бибаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кеден саласындағы ынтымақтастықты нығайту екі ел арасындағы сауда байланыстарын дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық – тарихи тұрғыдан қалыптасқан байланыстардың заңды жалғасы. Өзбекстан – біздің сенімді серіктесіміз, – деді депутат.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан-Өзбекстан шекарасында ұзын-сонар көлік кептелісі неге әлі шешілмей отыр?