Қазақстан-Өзбекстан шекарасында «Жібек жолы» мен «Гишт-Куприк» өткізу пункттері ашылды
Қарбалас уақытта жаңартылған инфрақұрылым тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Бұған қарап, тиісті нысанның мүмкіндігін бағамдай беруге болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қаржы министрлігі шекаралық аймақтағы инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Айталық, Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен арадағы шекаралық аумақта 10 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, іске қосылды. Биылғы 10 айда шекарадан өткен автокөлік саны 23% өсіп, 1,7 млн жетті. Еліміз бойынша кеден төлемдері мен салық түсімі 4,3 трлн теңгеге (шамамен 10 млрд доллар) ұлғайып, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 18,5% артқанын айта кетейік.
Бұл жобаның негізгі артықшылығы – жолаушылар көлемімен айқындалып отыр. Мәселен, 2024 жылы «Жібек жолы» арқылы 11 млн астам адам өткен. Өткізу пункті жөндеуге жабылған уақытта азаматтарға басқа бағыттармен қатынауға тура келіп, бұл іргелес жатқан өткізу пункттерінің жүктемесін арттырды. Маңызды нысандағы жұмыстың жандануы екі ел арасындағы бағытты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Қарбалас уақытта жаңартылған инфрақұрылым тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Бұған қарап, тиісті нысанның мүмкіндігін бағамдай беруге болады.
Терминалдар төлқұжатты тексеруге арналған 82 кабинамен және 20 автоматтандырылған Q-gate паспорттық бақылау жүйесімен жабдықталған. Заманауи жүйелер жекелеген бақылау рәсімдерін электронды форматта жүргізіп, жолаушыларға қызмет көрсету аясын кеңейтуге жол ашады.
Кедендік бақылау бағытында рентген аппараттары, жолаушыларға арналған сканерлер, радиацияны тексеретін жабдықтар, сондай-ақ автобустар мен жеңіл автомобильдерді тексеруге арналған инспекциялық-тексеру кешендері орнатылды. Техникалық жарақтандыру қауіпсіздік талаптарын сақтап, бақылау рәсімдерінің тиімділігін арттыруды көздейді.
«Жібек жолы» мен «Гишт-Куприк» пункттерінің бірлескен ашылуы екі мемлекет көшбасшыларының стратегиялық әріптестік пен одақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған саясатының жалғасып жатқанын айғақтайды», деді Мәди Төкешұлы.
Тұтастай алғанда, «Жібек жолының» туризмнің әлеуетін арттырудағы маңыздылығы да зор. Мұнда жеке тұлғаларға, жеңіл автокөліктер мен жолаушылар автобустарына қызмет көрсетуге тиісті жағдай қарастырылған. Осы арқылы туристік бағыттар кеңейіп, автобус турлары жолға қойылып, халықаралық жолаушылар тасымалы, оның ішінде Қазақстан арқылы өтетін транзиттік маршруттар нығая түседі деп болжанған.