21 Қазан 2026, 11:15 Фото: pixabay.com

Қазақстан-Өзбекстан шекарасында ұзын-сонар көлік кептелісі неге әлі шешілмей отыр?

Құрылтай депутаты Александр Данилов Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы өткізу бекеттерінде көлік кептелісінің сақталуына байланысты мәселе көтерді. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, соңғы екі жылда тоғыз өткізу бекеті жаңғыртылған, ал оныншы бекеттегі жұмыстар осы айда аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жүк және туристік ағынның артуына байланысты ұзын-сонар кептелістер жиі туындайды. Қолданыстағы өткізу бекеттері шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп, техникалық мүмкіндіктерінің шегіне жетіп отыр.

Оның мәліметінше, Қазақстан соңғы үш жылда барлық шекаралық өткізу бекеттерін жаңғыртуға 118 млрд теңге жұмсаған. Оның шамамен 59 млрд теңгесі Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы бекеттерді жаңартуға бағытталған.

Неліктен жүргізілген жаңғырту жұмыстары шекарадағы тұрақты кептеліс мәселесін әлі де шеше алмады? Өткізу бекеттерінің өткізу күші нақты арттыру үшін министрлік қазір қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? – деп сұрады Александр Данилов.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, соңғы екі жылда тоғыз өткізу бекеті жаңғыртылған. Оныншы бекет – Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек жолы» жаяу жүргіншілер өткізу бекетіндегі жұмыстар осы айда аяқталады. Жоба бюджет қаражаты есебінен емес, демеушілік қаржыландыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Жаңғыртылған бекеттің өткізу қабілеті тәулігіне 70 мың адам мен 200 автобусқа дейін жетеді, - деді министр.
Сонымен қатар министр жолаушылар мен жүк ағынының ұлғаюы өткізу бекеттеріне түсетін жүктемені арттырып отырғанын атап өтті. 
Биылғы тоғыз айда Қазақстан шекарасынан 650 мың автокөлік өткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20%-ға көп, - деді Такиев.

Мәди Тақиев өткізу күшін арттыру тек инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа бекеттер салумен шектелмейтінін айтты. Бұл бағытта кеден қызметінің жұмыс уақытын ұзарту, өткізу бекеттерін тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшіру және қызметкерлердің үш ауысымдық жұмысын ұйымдастыру шаралары да қолға алынған.