Қазақстан-Өзбекстан шекарасын демаркациялау туралы заң жобасы қаралды
Сенат депутаттары Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шарттың мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара сызығын демаркациялаудың құқықтық негіздерін халықаралық-құқықтық бекіту болып табылады. Шартқа сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының бастапқы нүктесі – Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі, ал шекара сызығының соңғы нүктесі – Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан шекараларының түйісу нүктесі болып келеді.
Шартты ратификациялау Қазақстан мен Өзбекстанның жергілікті жердегі мемлекеттік шекара сызығын белгілеуді заңды түрде бекітуге, оны халықаралық-құқықтық ресімдеуді аяқтауға және Өзбекстан Республикасымен аумақтық даулардың туындауына ықтимал алғышарттарды жоюға мүмкіндік береді.
Заң жобасы егемендік пен аумақтық тұтастықты одан әрі нығайтуға, екі елдің мемлекеттік шекарасында өзара құрмет, сенім және теңдік рухында тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша заң жобасын Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.