Қазақстан-Өзбекстан мемшекарасын демаркациялау туралы шарт БҰҰ Хатшылығына тіркелу үшін берілді

БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясының жоғары деңгей апталығы қарсаңында Ұйым Жарғысының 102-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты БҰҰ Хатшылығында тіркеу және жариялау үшін қажетті құжаттар табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шартқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 2022 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан басшысының Ташкентке мемлекеттік сапары барысында қол қойып, ол 2023 жылғы 4 шілдеде күшіне енді.

Бұл құжат Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу бойынша көпжылдық бірлескен жұмыстың нәтижесі болды.

Ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының алаңында өткен кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мемлекеттік шекараны шегендеу туралы шартты БҰҰ Хатшылығында тіркеу Орталық Азия өңірі елдері үшін мұндай құжаттарға қатысты теңдессіз тәжірибе болып табылатынын атап өтті, – деп жазылған министрліктің мәліметінде.

Құжаттың тарихи маңыздылығына назар аударылып, бұл қадам екі елдің тату көршілік пен мәңгілік достық қағидаттарына, одақтастық қатынастар рухына, ортақ өркендеу игілігі үшін өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілдігінің кезекті растауы екенін, сондай-ақ Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға ықпал ететіні аталып өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы