Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумында 40 құжатқа қол қойылды

Төртінші өңіраралық Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы аясында екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық байланысты нығайтуға арналған жалпы құны шамамен 2,5 млрд долларға жететін 40 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 ИИДМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, екі елдің компаниялары Chevrolet маркалы автокөліктердің жинақтары және бөлшектерімен қамтамасыз ету, керамикалық плиткалар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асырып, сондай-ақ жұмсақ иірімжіп, гипс, полипропилен қаптары және тағы да басқа өндірістік жобаларды жүзеге асырмақ ниетте. 

Аталған бизнес форум ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жәмшид Ходжаевтың, сондай-ақ екі елдің салалық министрліктері және жергілікті атқарушы органдарының қатысуымен ұйымдастырылған пленарлық отырыстан басталды.

Оның барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы бизнесті дамытудың мүмкіндіктері жайлы баяндап берді.

Кейінгі жылдары металдардың әлемдік нарықтағы бағасы айтарлықтай өсті. Бұл ретте металлургия өнеркәсібінің қазіргі ахуалына талдау жасай келе саланы дамытудың шешімдерін анықтадық. Жүргізілген талдаудың қорытындысына сәйкес қазақстандық өңдеу өнеркәсіп орындарын Лондон металдар биржасындағы бағадан төмен, бірақ бәсекеге қабілетті шамадағы шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін қарастырдық, - деді М.Қарабаев.

Сондай-ақ вице-министр Қазақстандағы құрылыс индустриясында, жеңіл өнеркәсіп пен мұнай-газ машина жасау салаларында атқарылып жатқан жұмыстар  туралы айта келе форум қатысушыларын 2023 жылдың мамырында елімізде өткізілетін Kazakhstan Industry Week өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесіне шақырды. Іс-шараға 25 елдің өкілдері қатысады деп көзделіп отыр.

Форумнан кейін қазақстандық делегаттар тоқыма кластеріне, өнеркәсіптік өнімдер мен тұрмыстық техника өндіретін, сондай-ақ көкөністерді өңдейтін фермерлік кәсіпорындарға барып, қызметтерімен танысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы