Қазақстанда фармацевтика саласына 862 млн доллар инвестиция салынады
Отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі 42 пайызға жетіп, дәрі экспорты 25,1 пайызға артты.
Қазақстанда отандық дәрі-дәрмек өндірісі артып келеді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында фармацевтикалық өнім шығару көлемі 172,4 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,7 пайызға көп. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өсімге негізінен дәрілік препараттар өндірісі ықпал еткен.
Қаңтар–қыркүйек айларында 158,1 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі өндірілді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 24,4 пайызға жоғары. Ішкі нарықтағы отандық өндірушілердің үлесі де артып келеді. Егер 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 38,8 пайыз болса, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында 42 пайызға жеткен. Сонымен қатар Қазақстанда тіркелген әрбір төртінші дәрі жергілікті фармацевтикалық кәсіпорындарда өндіріледі.
Өндіріс көлемімен қатар салаға салынатын инвестиция да артып отыр. 2025 жылы фармацевтикалық өндіріс саласына 142,8 млн доллар инвестиция құйылған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында тағы 36,7 млн доллар инвестиция тартылды. Алдағы жылдары Қазақстанда жаңа фармацевтикалық кәсіпорындар салу жоспарланып отыр.
Үкімет жалпы сомасы 862 млн доллар болатын сегіз инвестициялық келісімге қол қойған. Жаңа зауыттар Алатау, Қарағанды және Шымкент қалаларында бой көтереді. Онда дәрі-дәрмектің 500-ге жуық түрін шығару көзделген.
Қазақстандық фармацевтикалық өнім экспорты да өсіп келеді. 2026 жылдың сегіз айында оның көлемі 58,3 млн долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 пайызға артық. Әсіресе дайын жоғары технологиялық өнімдер экспорты айтарлықтай ұлғайған. Оның көлемі 13,6 млн доллардан 26,4 млн долларға дейін өсті.