Қазақстан өз чипін қашан жасайды? Мәжілісте маңызды сауал көтерілді

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліні Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке ұлттық чип-дизайнды дамытуға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депуаттың айтуынша, микросхемаларды жобалау және чиптер дизайны саласындағы өз біліктілігімізді дамытпай, бұл мақсаттарға жету мүмкін емес. Бүгінгі таңда микросхемалар – тұрмыстық техника мен смартфондардан бастап, қауіпсіздік жүйелері, көлік және мемлекеттік қызметтер көрсету салаларына дейінгі бүкіл цифрлық инфрақұрылымның өзегіне айналып отыр. Бұл бағытты жетілдірмей, шынайы цифрлық егемендік туралы айта қиын.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, чиптер дизайны индустриясын дамыту үшін міндетті түрде өз фабрикаларымыздың болуы шарт емес. Сингапурда арнайы қолдау қорлары зерттеулерге 700 миллион доллар бағыттап отыр. 

Қытайда экспорттық шектеулерге қарамастан жасанды интеллектке арналған тәуелсіз шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар ұсынылып, технологиялық парктер белсенді жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар өндірістік базасы болмағанына қарамастан британдық ARM компаниясы бүгінде әлемдегі смартфондардың 95%-ның архитектуралық негізін қалыптастырып отыр. Сол сияқты, нарықтық капитализациясы 4 триллион доллардан асқан NVIDIA компаниясы да өз өндіріс орындары жоқ, бірақ әлемдегі ең ірі микросхема өндірушілердің біріне айналды. Қазақстаннан осындай нарықтарға жаңа ойыншыларды шығару – стратегиялық маңызы зор міндет.

Қазіргі уақытта елімізде микросхемаларды модельдеу мен сынақтан өткізуге арналған зертханалар, білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы және мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз. Саладахалықаралық тәжірибесі бар инженерлер мен тәлімгерлер тапшы, ал университеттер мен өнеркәсіп арасындағы байланыс әлсіз. Нәтижесінде біз микросхемаларды импорттауға мәжбүрміз. Алайда ең өкініштісі – жаһандық жартылай өткізгіштер индустриясынан шет қалып отырмыз. Бұл нарықтың көлемі қазірдің өзінде жүздеген миллиард доллармен өлшенсе, бес жылдан кейін 1 триллион долларға, ал 2035 жылға қарай 2 триллион долларға дейін өседі деп болжанып отыр, - дейді ол.

Оның айтуынша, микросхемаларды жобалау саласын дамыту Қазақстанға бірқатар елеулі артықшылық береді. Бұл ұлттық қажеттіліктерге бейімделген технологиялық шешімдерді әзірлеуге, цифрлық жүйелердің сенімділігі мен мемлекеттік қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ микросхемалар мен дайын өнім импортының көлемін азайтуға жол ашады.

Сонымен қатар, салада жаңа жоғары технологиялық жұмыс орындары пайда болып, жастардың инженерлік мамандықтарға қызығушылығы артады. Дайын чиптер дизайны үлгілерін және зияткерлік меншікке қатысты лицензияларды экспорттау мүмкіндігі артып, экономиканың шикізаттық емес секторы нығаяды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкіметке чиптер дизайны саласын дамыту бойынша кешенді мемлекеттік саясатты әзірлеуді және бекітуді ұсынамын. Үкімет шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауы қажет. Кешенді мемлекеттік саясат аясында университеттер мен колледждерде зертханалар ашу, микросхемалардың ұлттық дизайн-орталығын құру, жобалау және тестілеу инфрақұрылымын дамыту, ғылыми жобалар мен стартаптарды қолдау, сондай-ақ микросхемаларды жобалау бойынша оқу бағдарламаларын енгізу көзделуі тиіс. Дәл осы базалық инфрақұрылымды құру еліміздің шынайы әрі тұрақты цифрландыруын қамтамасыз етеді. Қабылданған шаралар туралы заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша түрде ақпарат беруді сұраймын, - деді Әбутәліп Мүтәлі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы