Қазақстан өсімдік майы мен күнжара экспортынан рекордтық табысқа қол жеткізді
Маркетингтік жылдың қорытындысы бойынша саланың экспорттық түсімі 1,15 млрд АҚШ долларынан асады деп күтілуде.
2025/26 маркетингтік маусымының тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан өсімдік майы мен күнжара (сығынды) экспортынан 944 млн АҚШ доллары көлемінде рекордтық валюталық түсімге қол жеткізді. Бұл өткен маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 54%-ға жоғары, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, маркетингтік жылдың қорытындысында саланың экспорттық түсімі 1,15 млрд АҚШ долларынан асады деп болжанып отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің алғашқы отырысы аясында Ақтауда өткен сауда және экспорттық кооперация мәселелеріне арналған панельдік сессия қорытындысында мәлім болды.
Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының дерегіне сәйкес, соңғы бес маусымда Қазақстанның май өнімдерін Өзбекстанға жеткізу көлемі тұрақты өсіп келеді. 2025 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы өсімдік майы нарығындағы үлесі 90%-дан асты. Ал 2025/26 маусымының тоғыз айында Өзбекстанға экспортталған өсімдік майы мен күнжара көлемі 31%-ға өсіп, 553 мың тоннаға жетті.
Қауымдастықтың мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеу қуаты жылына 5,2 млн тоннадан асады. Оның 4,4 млн тоннасы күнбағысты өңдеуге тиесілі. Бұл көрсеткіш Өзбекстанның өңдеу қуатынан шамамен 700 мың тоннаға артық. 2028 жылға қарай жаңа зауыттардың іске қосылуы есебінен Қазақстанның өңдеу қуатын жылына 8 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан қатарынан екінші жыл Өзбекстанға өсімдік майын жеткізуде көш бастап келеді. Сонымен қатар республика Орталық Азия елдерінің күнбағыс күнжарасына деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр.
Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Алдағы уақытта ел әлемдегі ең ірі үш экспорттаушының қатарына қосылып, май өңдеу саласының экспорттық түсімін 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қазақстандық өндірушілердің өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады.
Форум аясында Қазақстан мен Өзбекстан бизнес өкілдері арасында B2B форматындағы екіжақты кездесулер де өтті. Келіссөздер қорытындысында жалпы құны 174,8 млн АҚШ долларына тең коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Ең ірі мәмілелердің бірі – Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығына мүше Qazaq-Astyq Group май өңдеу зауыты мен Өзбекстанның Fayz Oil Imports компаниясы арасында 71,5 млн АҚШ долларына өсімдік майын жеткізу туралы келісім болды.