Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып OpenAI Edu for Countries тобына қосылды

OpenAI компаниясы OpenAI for Countries жаһандық бағдарламасы аясында Edu for Countries бастамасының алғашқы халықаралық тобын іске қосқанын жариялады. Қатысушы елдердің алғашқы легіне Эстония, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Грекия және Қазақстан кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның бұл бастамаға қосылуы – жасанды интеллектінің білім беру саласына арналған мамандандырылған нұсқасы ChatGPT Edu-ды ұлттық білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізудің басталғанын білдіреді. Осылайша Қазақстан аталған халықаралық бағдарламаға қосылған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды.

Edu for Countries бастамасына қатысу елдің білім беру саясаты үшін стратегиялық маңызға ие. ЖИ-дің оқыту процесіне ықпалы жөніндегі жаһандық пікірталастар жағдайында Қазақстан жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайтынын, керісінше оның кәсіби мүмкіндіктерін күшейтетінін басшылыққа алады. ChatGPT Edu-ді қолдану педагогтердің әкімшілік және әдістемелік жүктемесін азайтуға, сондай-ақ оқыту сапасын арттыруға бағытталған.

Жоба 2025 жылғы 6 қарашада Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына сапары барысында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандумы аясында қол жеткізілген уағдаластық негізінде іске асырылуда. 

Негізгі келісім OpenAI, Inc., Freedom Holding Corp. және өңірлік серіктес Bilim Group арасында жасалды. Жобаға мемлекеттік бюджет пен сыртқы гранттар тартылмайды - жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Бұл іскерлік қоғамдастық көрсетіп отырған қолдауды айқындайды.

Қазақстанның Edu for Countries алғашқы халықаралық тобына қосылуы Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында жүзеге асуда. Бұл жасанды интеллектіні негізгі салаларға енгізудегі жүйелі тәсілді көрсетеді. ChatGPT Edu-ды педагогтерді қолдаудың және зерттеу ортасын дамытудың практикалық құралы ретінде қарастырамыз. Бағдарлама ұлттық білім беру стандарттарын, қауіпсіздік талаптарын және тең қолжетімділік қағидатын ескере отырып іске асырылады», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

ChatGPT Edu-ды Қазақстанда енгізу аясында елдің білім беру ұйымдарына 165 000 лицензияны тегін беру көзделген, оның ішінде:

  • 100 000 лицензия – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері үшін;
  • 62 800 лицензия – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлері үшін;
  • 2 200 лицензия – Astana Hub экожүйесінің қатысушылары үшін.

OpenAI-мен әріптестікті болашақтың білім беру моделін қалыптастыратын бірегей жоба ретінде қарастырамыз. ChatGPT Edu – оқытушы мен зерттеуші мүмкіндіктерін алмастырмайды, тиісінше күшейтеді әрі ол университеттерге арналған кешенді шешім. Жасанды интеллект адамды алмастыратын құрал емес, сыни түсінік пен оны қолдану мәдениеті болған жағдайда ойлауды күшейтеді. Білім беру мен ғылымда ЖИ оқу материалдарын дайындауды жеделдетуге, студенттермен кері байланыс сапасын арттыруға және зерттеу қызметі үшін жаңа мүмкіндік ашуға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанда бәсекеге қабілетті, AI-сауатты академиялық ортаны қалыптастырудың маңызды элементі. Қазақстан білім беруді автоматтандыруға емес, адами әлеуетті кеңейтуге басымдық береді. Біз жасанды интеллектіні тек пайдаланатын емес, оны жасайтын мамандарды дайындаймыз, – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуді біз педагог рөлін күшейтудің стратегиялық қадамы ретінде қарастырамыз. Жасанды интеллект мұғалімге тән емес бірқатар міндеттерді өз мойнына алып, оның көмекшісіне айналады. ChatGPT Edu сияқты құралдар педагогтердің интеллектуалдық көмекшісі болып, мүмкіндіктерін кеңейтеді және әрбір білім алушының жеке қажеттілігіне сай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жасанды интеллект дайын жауап көзі емес, ойлауды, жауапкершілікті және цифрлық мәдениетті дамытуға арналған ресурс. Ол дайындық деңгейі әртүрлі білім алушыларға арналған сараланған оқу материалдарын жедел әзірлеуге, кері байланыстың тиімділігін арттыруға және заманауи технологиямен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Қазақстан үшін ЖИ-дің пассивті тұтынушыларын емес, онымен саналы, сыни және жасампаз түрде әрекеттесе алатын ұрпақты тәрбиелеу ерекше маңызды. Біздің мақсатымыз – адами әлеуетті дамыту және болашақтың сын-қатерлеріне дайын білім беру ортасын қалыптастыру, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменова.

ChatGPT Edu педагогтерге тапсырмалар мен тестті, оқу материалдарын әзірлеуге, контентті білім алушылар деңгейіне бейімдеуге, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде материалдар дайындауға арналған құралдарды ұсынады. Жұмыстарды тексеру кезінде жүйе кері байланысу мен бағалау критерийлерін қалыптастыруда пайдаланылуы мүмкін, алайда бағалауға қатысты барлық шешімдер оқытушы құзыретінде қалады.

2026 жылғы қаңтардан бастап OpenAI мамандарымен бірлесіп ChatGPT Edu-ды білім беру, әкімшілік және зерттеу қызметінде қолдану бойынша тұрақты оқыту ұйымдастырылады. Бұл ЖИ-ді пайдалануда бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етуге және педагогтердің цифрлық әрі AI-сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Білім беру ұйымдары үшін ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жұмыс кеңістігі қарастырылған.

Astana Hub адами капиталды дамытуға және орнықты технологиялық экожүйе қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Инновациялық кластер аясында стартап негізін қалаушылар үшін командаларды өсіруге және өнімдерді әртүрлі даму кезеңінде жетілдіруге бағытталған инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар іске асырылуда, ал білім беру бастамалары жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Edu for Countries бастамасына қосылу және ChatGPT Edu құралдарына қолжетімділік Tomorrow School peer-to-peer мектебінің студенттері мен Tech Orda бағдарламасына қатысушылардың білім беру мүмкіндіктерін кеңейтеді, AI-құзыреттерін дамытуға және жасанды интеллект технологияларын тәжірибеде қолдануға жол ашады, – деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тё.

Алдыңғы қатарлы білім беру ұйымдарында ChatGPT Edu-ды енгізудің халықаралық тәжірибесі білім алушылардың белсенділігінің артқанын, оқу материалдары сапасының жақсарғанын және оқытушылар уақытының оңтайландырылғанын көрсетіп отыр. Бұл нәтижелер технологияны Қазақстанның білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен енгізу барысында пайдаланылатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы