Қазақстан Орталық Азия мен Араб әлемі арасындағы көпір болуға дайын – министр

Kazakhstan Energy Week – 2025 аясында өткен “Климаттың өзгеруі және орнықты энергетика” тақырыбындағы отырыста Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев маңызды пікірлер айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр сөзінде Қазақстанның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) мен Араб мемлекеттері лигасына мүше елдердің Еуразиялық форумы аясында стратегиялық маңызды диалогқа қатысып жатқанын атап өтті. Ол бұл сессияның саяси және экономикалық маңызы зор екенін, Астанада екі ірі өңірлік бірлестіктің әлеуетін біріктіріп, болашаққа бағытталған ортақ шешімдер ізделіп жатқанын айтты.

Біздің мемлекеттерді географиялық алшақтық бөліп тұрса да, бізді біріктіретін ортақ сын-қатерлер бар. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы, жердің тозуы, азық-түлік қауіпсіздігіне қатерлер және әділ энергетикалық көшу қажеттілігі – бәрімізге ортақ мәселелер. Сондықтан бүгінгі диалог өте маңызды. Бұл тәжірибе алмасуға ғана емес, жаңа түйісу нүктелерін табуға мүмкіндік береді, – деді министр.

Оның айтуынша, өңірлер күн және жел энергетикасынан бастап, су технологиялары мен жергілікті бейімделу шешімдері мен инвестициялық жобаларға дейін орасан зор әлеуетке ие. Министр бүгінгі сессияның аясында ШЫҰ мен Араб мемлекеттері лигасымен климат саласындағы ынтымақтастық және тұрақты энергетика бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданатынын жеткізді.

Бұл құжат Париж келісімінің мақсаттарына деген ортақ ұстанымымызды көрсетеді және бірлесіп әрекет етуге әзірлігімізді айқындайды. Бұл біздің өңірлеріміздің бір ауыздан сөйлеп, нақты іс-шараларға көшуге дайын екендігіміздің саяси белгісі, – деді Ерлан Нысанбаев.

Министр атап өткендей, келесі маңызды кезең – 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымы серіктестігімен өтетін өңірлік экологиялық саммит. Оның қорытындысы ретінде 2026-2030 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы қабылданады. Бағдарламада климаттық көшу, климаттың өзгеруіне бейімделу, азық-түлік пен су қауіпсіздігін нығайту, табиғи ресурстарды басқару, циркулярлық экономика мен табиғатқа негізделген шешімдерді дамыту бойынша бірлескен шаралар қамтылады.

Сонымен қатар, саммитте су және экология мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, Арал және Каспий теңіздеріне арналған сессиялар өткізіледі. Бұл тақырыптар экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікке тікелей байланысты және мемлекет шекараларын асып түседі.

Қазақстан биыл ұлттық деңгейдегі жаңартылған экологиялық үлес жоспарын әзірлеп, шығарындыларды азайту және бейімделу бойынша мақсаттар қойған. Сонымен бірге алғаш рет ауыл шаруашылығы, су ресурстары, орман шаруашылығы және азаматтық қорғаныс сияқты осал салаларда жүйелі шараларды айқындайтын ұлттық бейімделу жоспары жасалуда.

Бүгін бізде ШЫҰ мен Араб мемлекеттері лигасы күштерін біріктіріп, диалогты нақты әрекеттерге айналдырудың бірегей мүмкіндігі бар. Қазақстан Орталық Азия мен Араб әлемі арасындағы көпір болуға, сөзді нақты жобалар мен серіктестіктерге айналдыруға дайын, – деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы