Қазақстан Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына төрағалық етуді аяқтады

Қазақстанның 2023 жылғы Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогындағы төрағалығының қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева талық Азия елдерінің әйелдер диалогы конференциясында Қазақстанның диалогқа төрағалығы кезінде осы өңірлік алаңды институционалдық тұрғыдан нығайту бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Диалогқа қатысушы барлық елге, БҰҰ Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығына, «БҰҰ–Әйелдер» ұйымына, БҰҰ Даму бағдарламасына және Еуропалық Одақтың бөлімшелеріне белсенді жұмысы үшін алғыс білдіремін, - деді ол.

Жыл бойы бірқатар іс-шара өтті. 2023 жылдың маусым айында Астанада өткен «Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлі» конференциясында әйелдердің инновациялық жобалары мен жаңа технологиялары таныстырылды. 

«TechnoWomen Орталық Азия» әйелдер қауымдастығын құру бастамасы қолдау тапты, нәтижесінде Теңдік ұрпағы форумы аясында Қазақстан «Гендерлік теңдікке арналған технологиялар мен инновациялар» іс-әрекет коалициясына қосылды.

2023 жылдың қазан айында Алматыда азаматтық қоғамның, белсенділердің және халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» халықаралық конференциясында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарларының қағидаттарын іске асыру мәселелері талқыланды. 

Диалог мүшелері мен Орталық Азия елдерінің азаматтық қоғам өкілдерінің Еуропарламент құрылымдарының жұмысымен танысу үшін 2023 жылғы қарашадағы Брюссельге сапары жоғары бағаланды.

Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогына төрағалық Қырғыз Республикасына өтті.

Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогы - аймақтағы әйелдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң. Диалог 2020 жылдың желтоқсанында басталды. Өткен жылдары Диалогқа Өзбекстан (2021) және Түркіменстан (2022) төрағалық етті. Диалог «БҰҰ-әйелдер» ұйымының, БҰҰ Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының (UNRCCA) және БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен құрылды және жұмыс істейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы