Қазақстан Орталық Азия + АҚШ саммитінен қандай пайда көреді
Орталық Азия + АҚШ (C5+1) саммиті геосаяси бетбұрысқа айналмаса да, өңірлік өзара іс-қимылдың жаңа серпін алуына ықпал етуі мүмкін, деп санайды қазақстандық саясаттанушылар. Олардың пікірінше, бұл формат Вашингтон үшін экономикалық қатысуды кеңейту мен стратегиялық ресурстарға — мұнайдан бастап сирек кездесетін металдарға дейін — қол жеткізудің құралы, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АҚШ-та өтетін саммит Қазақстан мен көршілес елдер үшін көпвекторлы саясат аясында технология мен инвестиция саласында серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, бұл диалогтың жаңа кезеңі Орталық Азияны ықпал ету алаңы емес, жаһандық ойынның дербес қатысушысы ретінде танытады.
C5+1 форумы Қытай мен Ресейдің аймақтағы ықпалын едәуір төмендетпейді. Бірақ Қазақстан үшін бұл бағыт елдің көпвекторлы сыртқы саясатына толық сәйкес келеді. Біз қандай да бір блоктарға қосылуға, әскери-саяси одақтарға кіруге немесе бір жақты ұстаным ұстануға ұмтылмаймыз. Біздің бағытымыз — барынша бейтарап және теңгерімді саясат, — дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, Вашингтонның Орталық Азияға деген қызығушылығы негізінен экономикалық сипатқа ие. АҚШ бұл өңірді инвестиция және технологиялық серіктестік тұрғысынан көреді, әсіресе сирек металдарға жаһандық бәсекелестік жағдайында.
Біздің елімізде литий, вольфрам сияқты сирек металдардың бірнеше кен орны бар. Бұл металдар заманауи технология индустриясында аса маңызды. Сондықтан АҚШ-тың Қазақстан мен Орталық Азияға назар аударуы — осындай кен орындарын бірлесіп игеру мүмкіндігін қарастырумен байланысты. Бірақ бұл Қытай компанияларының нарықтан кететінін білдірмейді. Керісінше, тепе-теңдік пайда болады, – деп түсіндіреді сарапшы.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те осы пікірді қолдайды. Ол C5+1 форматын геосаяси қарсыластық алаңы ретінде қарастыруға болмайтынын айтады.
Қазақстан көпвекторлы саясат жүргізіп келеді, ал Орталық Азия елдері бүгінде ортақ ұстанымнан шығып, икемді әрі прагматикалық саясат ұстануда. Біздің өңір – теңізге тікелей шығатын жолы жоқ, Ресей мен Қытай сияқты алпауыттардың мүдделері түйісетін аймақ. Сондықтан маневр жасау мүмкіндігі шектеулі, – дейді ол.
Әбішевтің айтуынша, АҚШ-тың аймақтағы мүддесі нақты және шектеулі. Вашингтон Орталық Азияға үлкен ресурстар жұмсауға дайын емес, бірақ белгілі бағыттар бойынша белсенділік танытады.
АҚШ-тың біздің өңірге қатысты нақты мүдделері бар. Бұл — Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай жобалары, онда Exxon мен Chevron жұмыс істейді. Бұл — сирек металдардың жеткізілімін әртараптандыру және барлау. Сондай-ақ Ресей мен Қытай мүдделері түйісетін аймақта белгілі бір ықпалды сақтау, – дейді саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, алдағы саммит бетбұрыс сәті болмайды, бірақ ғылым, білім, инвестиция және технологиялық алмасу саласында ынтымақтастық кеңістігін қалыптастырады.
Бұл саммит түбегейлі шешім қабылдайтын алаң емес. Бірақ ол — АҚШ сияқты ірі экономикамен қарым-қатынас орнатуда пайда болған мүмкіндік терезесі. Мәселе — осы мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана аламыз және соның қарымтасына не береміз дегенде, – дейді Ғазиз Әбішев.
Жалпы, C5+1 форматы күштер тепе-теңдігін бұзбайды, тек мүдделердің жаңа конфигурациясын көрсетеді.
Сарапшылардың пайымынша, Вашингтон үшін бұл — стратегиялық маңызды аймақтағы қатысуды сақтау тәсілі, ал Орталық Азия үшін – сыртқы саясаттағы маневр өрісін кеңейту мүмкіндігі.