25 Шілде 2026, 19:48
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстан ормандарында бір тәулікте үш өрт тіркелді
Екі өрт Бурабай ұлттық паркінде болса, тағы бірі «Семей орманы» резерватында найзағайдан тұтанған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі республика бойынша мемлекеттік орман қоры аумағында бір тәулік ішінде үш өрт тіркелгенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оның екеуі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болған. Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» РМК-ның Ми-8 тікұшағы жұмылдырылды. Орманшылар мен «Қазавиаорманқорғау» әуе өрт сөндіру десантының жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында өртті оқшаулау айтарлықтай жеделдетілді.
Ал «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында найзағай түсуінен тұтанған шағын аумақтағы өрт қысқа уақыт ішінде толық сөндірілді.
Өрт қаупі жоғары кезеңде министрлік табиғат аясында демалушылар мен орман пайдаланушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.