16 Қараша 2026, 11:13 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан оқушылары өмірге қанағаттану деңгейі бойынша 83 елдің арасында бірінші орын алды

Қазақстандағы 15 жастағы оқушылардың өмірге қанағаттану деңгейі 10 балдың ішінде орта есеппен 8,63 балды құрады. Осы көрсеткіш бойынша еліміз PISA-2025 халықаралық зерттеуіне қатысқан 83 елдің арасында бірінші орынға ие болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қазақстандағы буллинг деңгейі де Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда төмен. Елімізде бұл көрсеткіш 9 пайыз болса, ЭЫДҰ елдерінде 20 пайызды құраған.

Сонымен қатар мектептердегі психологиялық қызметті жаңғырту жұмыстары басталды. Балалардың мазасыздық, күйзеліс, зорлық-зомбылық, буллинг, депрессия және суицидтік ниет белгілерін ерте анықтауға арналған үш деңгейлі бірыңғай диагностика жүйесі қалыптастырылды. Жүйе педагог-психологтер қолданатын 7 бастапқы, 6 тереңдетілген және 7 проективтік әдістемені қамтиды. Бекітілген әдістемелер бірыңғай цифрлық платформаға біріктірілген, - деп айтты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Бұдан бөлек, педагог-психологтерге 5-8 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курсын өткізу үшін аптасына 0,25 сағат, ал 9-11 сыныптар үшін 0,5 сағат оқу жүктемесі бөлінді.

Алайда мектептердегі психологиялық қолдау инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігі әлі де бар. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарының тек 41 пайызында ғана педагог-психологтерге арналған жабдықталған жеке кабинеттер қарастырылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиадаларда 1 067 медаль жеңіп алды.