Қазақстан өңірлері су тасқынына қаншалықты дайын?

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Вице-премьер су шаруашылығы нысандарының, жолдар мен көпірлердің, жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығын тексеріп, «Talsim» жүйесінің болжамдық деректерімен және «Tasqyn» жүйесіндегі су тасқынын модельдеу нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар қауіп деңгейі жоғары аймақтарға жатқызылған өңірлердің есептері тыңдалды.

Өңірлерде су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 831 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, топырақ үйінділері тұрғызылды. 1 мың шақырымнан астам дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жөнделіп, қайта салынды. Автомобиль және теміржол учаскелерінде 934 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында көпірлерге күрделі жөндеу жүргізілді. 

Су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерінде шамамен 166 шақырым арнаны тереңдету, 255 шақырым жағалауды бекіту, 221 шақырым арналарды түзеу және 172 шақырым су арнасы мен өзен арналары тазартылды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Қараша-қаңтар айлары аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды тұлғалары барлық өңірді аралап, олардың су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындығын бағалады.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, биылғы көктемде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Осыған байланысты өңірлердегі су тасқыны қаупіне алдын ала баға берілді.

Премьер-министрдің орынбасары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында су тасқынының алдын алу шараларын күшейту қажеттігін баса айтты.

Көктемнің басы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтілуде. Өткен күзде толассыз жауған жаңбыр бірқатар өңірде жер бетінде мұз қыртысының түзілуіне әкелді, бұл су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін. Осыған байланысты түрлі жағдайға дайын болып, қажетті шараларды алдын ала қабылдау маңызды. Бұл, әсіресе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысының әкімдіктеріне қатысты, өйткені ол өңірлерде бірқатар мәселе бар, ал олардың кейбірі бойынша шешім әлі күнге дейін қабылданбаған, — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер барлық әкімдікке қажет болған жағдайда өзендерде жарылыс жұмыстарын алдын ала жүргізуді, су бұру арналары мен арықтарды, су өткізу құрылыстарын және нөсерлік кәріз жүйелерін тазалауды, сондай-ақ қарды уақтылы әкетуді тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де қамтамасыз етуді тапсырды.

Экология министрлігіне ауа райы жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіп, жағдай күрделенген кезде мүдделі органдарға дабылды ескертулерді жедел жеткізу тапсырылды. 

Су ресурстары министрлігіне су қоймаларын толтыру көлемдерін айқындап, оларды тұрақты бақылауда ұстау, қажет болған жағдайда суды алдын ала әрі қауіпсіз ағызуды ұйымдастыру, сондай-ақ трансшекаралық су айдындары бойынша көршілес мемлекеттермен тұрақты ақпарат алмасуды жолға қою тапсырылды. 

Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Tasqyn» жүйесінде өңірлердегі ықтимал жағдайды моделдеу, «Talsim» жүйесінің деректерін интеграциялау және әлеуеті осал елді мекендерді айқындау тапсырылды. Төтенше жағдайлар министрлігіне «Көктем-2026» оқу-жаттығуын алдын ала өткізу, су тасқыны жағдайы күрделенген кездегі іс-қимыл алгоритмдерін пысықтау, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіруді және азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының дайындығын қамтамасыз ету жүктелді.

Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, су басу қаупі туындаған жағдайда халықты уақытылы эвакуациялау мәселелерін пысықтау, сондай-ақ азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек және басқа да тіршілікті қамтамасыз ету құралдарының қажетті қорын қалыптастыру, әсіресе көлік қатынасы үзілуі мүмкін елді мекендерде, тапсырылды. Қосымша инертті материалдар, топырақ толтырылған қаптар қоры және инженерлік техниканың резерві жасалуы тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы