Қазақстан өңірлері Пермь өлкесімен ынтымақтастықты нығайтуда
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Пермь өлкесіне жұмыс сапары өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңір губернаторы Дмитрий Махонинмен кездесу барысында ынтымақтастықтың түрлі бағыттары талқыланды.
Қазақстан – Пермь өлкесінің ірі сауда серіктестерінің бірі. 2023 жылы тауар айналымы шамамен 430 млн АҚШ долларына жетті. Өзара сауданың негізін қосылған құны жоғары тауар топтары құрайды. Бұл – машина жасау, химия өнеркәсібі және мұнай-химия өнеркәсібінің жоғары өңделген өнімдері. Өзара тиімді байланыстарды дамыту екі тарапқа да өз кәсіпорындарының өндірістік базаларын кеңейтуге, инновациялық әлеуетті дамытуға және экономиканың неғұрлым белсенді өсіп келе жатқан салаларының қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да әлеуеті мол. Пермь өлкесі денсаулық сақтау, ғылым, білім саласындағы тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Атап айтқанда, Кама жағалауындағы астанасында 5 мың орынға университетаралық кампустың құрылысы аяқталғаннан кейін шетелдік студенттерді, оның ішінде Қазақстаннан студенттерді қабылдауды ұлғайту мүмкіндігі пайда болады.
Пермь ғылыми-білім беру орталығында да (ҒБО) кадрларды даярлау және тәжірибе алмасу, жер қойнауын ұтымды пайдалану сияқты өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан экономикасындағы өндіруші және өңдеуші өндірістердің жоғары үлесін ескере отырып, ҒБО қажетті инновациялық шешімдерді ұсына алады. Сондай-ақ Елші салынып жатқан инженерлік сынақ полигонымен, ESG-экономика саласындағы жетістіктерімен, Цифрлық кен орны орталығының және мұнай кәсіпшілігі химиясы зертханасының жұмысымен танысты.
Өнеркәсіптік кооперацияны дамытуда әріптестік көкжиегі кеңейе түспек. Атап айтқанда, Пермь мұнай машина жасау компаниясы Атырау облысында мұнай сорғыларын құрастыру және қызмет көрсету жобасын сәтті жүзеге асырды. Екіжақты байланыстарды жандандыру мәселелері «ИНГК – ПРОМТЕХ» және «Новомет-Пермь» кәсіпорындарына (мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер), сондай-ақ «Morion Digital» технопаркіне бару барысында қаралды.
Сапар қорытындысы бойынша Қазақстанның өңірлері мен мүдделі кәсіпорындарының Пермь өлкесімен ынтымақтастықты бекітіп, одан әрі дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.