Бүгiн 2026, 17:18 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан өңдеу өнеркәсібінде Өзбекстанды басып озды: Бұған не себеп?

2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны жөнінен Өзбекстанды басып озды.

Экономист Айбар Олжайдың мәлімдеуінше, қаңтар-сәуір аралығында Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің индексі 109,9 %-ға жетсе, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 108,5% болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономист мұны Орталық Азиядағы сирек кездесетін құбылыс деп бағалайды. Өйткені бұған дейін өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша Өзбекстан тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келген

Өңдеу өнеркәсібіндегі үлес қандай?

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда жалпы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 21,7 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 10,3 трлн теңгені құрап, жалпы өнеркәсіп өндірісінің 47,4% қамтыған.

Ал Өзбекстанда осы кезеңде 394,7 трлн сум көлемінде өнеркәсіп өнімі өндірілсе, оның 338,5 трлн сумы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болған. Бұл жалпы өнеркәсіп көлемінің 85,8%-на тең.

Бұл жерде екі елдің экономикалық құрылымын дұрыс түсіну керек. Қазақстан мен Өзбекстанның өнеркәсіптік моделі ұқсас болғанымен, олардың ішкі мамандануы әртүрлі,-дейді ол.

Металлургия екі ел үшін де маңызды сала

Экономистің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстанның өңдеу өнеркәсібінде металлургия негізгі тірек салалардың бірі болып саналады.

Қазақстанда металлургияның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі шамамен 42%-ға жетсе, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 34%-дан асады. Алайда биылғы жылдың алғашқы төрт айында екі мемлекетте де металл өнімдері өндірісінде белгілі бір төмендеу байқалған.

Соған қарамастан Қазақстандағы өзге өндіріс салаларының жоғары өсімі жалпы көрсеткіштің артуына мүмкіндік берген.

Машина жасау өсімнің драйверіне айналды

Айбар Олжай Қазақстанның басты артықшылығы ретінде ауыр индустрия, металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия, фармацевтика және азық-түлік өндірісінің қатар дамуын атап өтті.

Әсіресе машина жасау саласындағы өсім ерекше назар аудартады. 2026 жылдың алғашқы төрт айында бұл сектор 23,3%-ға өскен.

Бұл жай ғана бір саланың жетістігі емес. Машина жасау дамыса, оның артында автомобиль өндірісі, ауыл шаруашылығы техникасы, теміржол техникасы, электр жабдықтары, қосалқы бөлшектер, инженерлік қызметтер және білікті кадрлар нарығы бірге қозғалады,- деді сарапшы.

Өзбекстанның басты артықшылығы неде?

Айбар Олжай Өзбекстанның өңдеу өнеркәсібіндегі басты күші жеңіл өнеркәсіп екенін айтады.

Көрші ел мақта өсіруден бастап дайын киім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды қалыптастырған. Сондықтан өңдеу өнеркәсібіндегі тоқыма, киім және былғары өнімдерінің үлесі шамамен 15%-ға жетеді.

Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 1% шамасында.

Қазақстан ауыр индустрия мен машина жасауға сүйенсе, алдағы кезеңде жеңіл өнеркәсіпті, дайын тұтыну тауарларын, азық-түлік өңдеуді, фармацевтиканы және жоғары технологиялық өндірістерді кеңейту арқылы өңдеу секторын одан әрі әртараптандыра алады,- дейді Олжай.

Бұл нені білдіреді?

Экономистің пікірінше, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша Өзбекстаннан озуы жай ғана статистикалық көрсеткіш емес.

Бұл ел экономикасының ішкі құрылымында оң өзгерістер жүріп жатқанын аңғартады.

Айбар Олжай қазіргі қарқын сақталған жағдайда Қазақстан алдағы жылдары Орталық Азиядағы ең қуатты индустриялық орталықтардың біріне айналуы мүмкін екенін атап өтті.