Қазақстан Нидерландының жоғары технологиялық жылыжай тәжірибесін тартуға ниетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Амстердамда «GreenTech Week» көрмесі аясында «Жылыжайларды дамыту мүмкіндіктері» тақырыбында Қазақстан-Нидерланды дөңгелек үстелі өтті, деп хабарлайды «KAZAKH INVEST» баспасөз-қызметі.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшісі Асқар Жұмағалиев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, «Dutch Greenhouse Delta» бас директоры Эрик Эгбертс және екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Әбілқайыр Тамабек Қазақстан жылыжай секторларының дамуы Нидерланды Корольдігінің жылыжай шаруашылығын ұйымдастырудағы жоғары технологиялық тәсілдемелерді қабылдау арқылы жаңа серпін алатынын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, кездесу гибридті форматта өтті, қазақстандық спикерлердің бір бөлігі дөңгелек үстел жұмысына Нұр-Сұлтан қаласынан бейнеконференцбайланыс арқылы шықты. Мәселен, «KAZAKH INVEST» Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали жиналған қауымға екіжақты ынтымақтастық, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті және АӨК мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, Қазақстан Нидерландтық кәсіпорындардан технологиялар трансферін құптайды. Нидерланды біздің экономикамызда дәстүрлі түрде инвестициялық серіктес ретінде жетекші орын алады. Соңғы онжылдықта Корольдіктен ТШИ жалпы ағыны 77,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Амстердамға келген қазақстандық делегация құрамына салалық ведомство өкілдерінен басқа, Нидерландтық бағбандармен іскерлік байланыс орнатуға мүдделі 15-ке жуық отандық кәсіпкер кірді. GreenTech week-те делегация мүшелері азық-түлік өнімдерін қауіпсіз өндіруге ықпал ететін жылыжай бизнесі саласындағы озық технологиялар мен жоғары технологиялық шешімдермен танысады және де Нидерландтың бірқатар жетекші жылыжай кәсіпорындарын аралайды.
Аталған сапарды Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігі «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.