Qazaqstan NEXT 2026: Сарапшы Қазақстандағы мұнай-химия саласының келешегіне баға берді
Атом энергетикасы – шешімдердің бірі әрі экономикалық өсімге түрткі болатын әлеуетті катализатор. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Qazaqstan NEXT 2026 форумында S&P Global Commodity Insights ұйымының өкілі Франческо Ди Сальво мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бес жыл бұрынғы жағдайды еске алсақ, әсіресе Еуропада энергетикалық өтпелі кезең, яғни қазба отын көздерінен анағұрлым тұрақты энергия көздеріне көшу мәселесі белсенді талқыланған болатын. Алайда кейінгі геосаяси шектеулер бұл үдерісті баяулатып, бұрын нарықта болған ұсынысты қысқартты. Ал бұл өз кезегінде энергетикалық қауіпсіздікке әсер етеді: энергия көздеріне қолжетімділікті қалай қамтамасыз етеміз және өсіп келе жатқан экономикаларды энергия ресурстарымен қалай қамтимыз? Маған қызық көрінетіні – біз қазір іске қосылып жатқан көптеген компоненттерді көріп отырмыз. Мысалы, атом энергетикасы – шешімдердің бірі әрі экономикалық өсімге түрткі болатын әлеуетті катализатор, – деп атап өтті Франческо Ди Сальво.
Ол мұнай мәселесіне де жеке тоқталды. Франческо Ди Сальво мұнай Қазақстанның энергия балансында әлі де негізгі рөл атқаратынын және ел экономикасы үшін маңызды фактор болып қала беретінін айтты. Оның сөзінше, нарықтағы қазіргі жағдай өзгеріп келеді, ал сұраныстың динамикасы баяу.
Мұнай туралы да айтқым келеді. Мұнай энергетикалық кеңістіктің маңызды бөлігі болып қала береді және Қазақстан үшін айрықша мәнге ие. 2026 жылға арналған баланс туралы айтсақ, Қазақстан әлемдік мұнай балансында елеулі ойыншы саналады. Қазақстан мұнайы Еуропаға құбыр арқылы Қара теңіз арқылы жеткізіліп, одан әрі Жерорта теңізі арқылы Солтүстік-Батыс Еуропаға барады. Қазақстанның Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шығатын жолы болмаса да, ол мұнай нарығында өте маңызды ойыншы болып қала береді. Бұл ретте қазіргі сұраныс, меніңше, айтарлықтай баяу, – деді спикер.
Оның айтуынша, бұл геосаяси факторлардың ықпалын да төмендетеді. Мысалы, соңғы оқиғалардан кейін венесуэлалық мұнай қайта алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл Қазақстан үшін де маңызды, өйткені елдің ЖІӨ-сі мен экспортында мұнайдың үлесі зор.
Бұл геосаяси факторлардың ықпалын азайтады. Венесуэла мұнайы, мысалы, соңғы оқиғалардан кейін алдыңғы орынға шығып отыр. Бұл Қазақстанды қызықтырмай қоймайды, өйткені Қазақстанның ЖІӨ-сі мен экспортында мұнай маңызды орын алады, – дейді спикер.
Оның сөзінше, басты міндет тек шикізатты экспорттау емес, өңдеуді дамыту. Сонда қосымша құн ел ішінде қалады.
Иран секілді елдер де маңызды. Сонымен қатар мұнай-химияны дамытуға үлкен әлеует бар. Қазақстанда мұнай-химия саласында болып жатқан өзгерістер мені қатты жігерлендіреді: бұл Қазақстаннан экспортталатын өнімге көбірек құн қосады. Бұл сондай-ақ құндылықты экономиканың ішінде сақтауға, яғни қосылған құнды елде қалдыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Франческо Ди Сальво.
Еске салайық, елордада жаһандық трендтерге арналған Qazaqstan NEXT 2026 форумы өтуде.
Айта кетерлігі, Qazcontent АҚ – форумның ресми медиасеріктесі болып отыр.