Қазақстан неге өз шикізатынан дайын өнім өндірмейді? Құрылтайда импортқа тәуелділік мәселесі көтерілді
Құрылтайда «Өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Жиында отандық өндірісті қолдау, импортқа тәуелділікті азайту және қазақстандық өнімге деген ішкі сұранысты арттыру мәселелері көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына өңдеуші секторды жедел дамытуды, экономиканы әртараптандыруды және елдің берік индустриялық негізін қалыптастыруды міндет етіп қойып келеді.
Табиғи ресурстары мол мемлекет шикізат жеткізуші ғана емес, ең алдымен бәсекеге қабілетті дайын өнім өндіруші болуға тиіс, – деді ол.
Депутат Қазақстанның шикізаттық, қаржылық және өндірістік әлеуеті едәуір болғанымен, бірқатар дайын өнеркәсіптік өнім бойынша импортқа тәуелділік сақталып отырғанын атап өтті. Елде металл, мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстар болғанына қарамастан, жабдықтардың, қосалқы бөлшектердің, өнеркәсіптік материалдар мен дайын бұйымдардың едәуір бөлігі шетелден сатып алынады.
Осыған байланысты Дания Еспаева отандық өндірістерді құру және ұлттық технологиялық тізбектерді дамыту үшін елдің табиғи ресурстарын толыққанды пайдалану қажеттігін айтты.
Оның сөзінше, бұл міндетті шешудің пәрменді құралдарының бірі – офтейк-келісімшарттар тетігі. Яғни мұндай келісімдер болашақта өндірілетін өнімді алдын ала кепілді түрде өткізуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді шарттарды көздейді.
Отандық кәсіпорындар үшін мұндай тетік өндірісті жоспарлау, инвестиция тарту, жаңа технология енгізу және жұмыс орындарын ашу мүмкіндігін береді, – деді Құрылтай төрағасының орынбасары.