Қазақстан мұздықтарды халықаралық деңгейде зерттейтін алаңға айналады

Мәжілістің жалпы отырысында Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Гүлзат Көбенова Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұсынылып отырған заң жобасы 2025 жылғы 19 маусымда Астана қаласында қол қойылған келісімді ратификациялауды көздейді. Құжат Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің 2024 жылғы 12 сәуірдегі отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.

Келісімді ратификациялау 2012 жылғы 29 мамырда Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы келісім негізінде құрылған Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін қайта жалғастыруға мүмкіндік береді. Аталған орталықтың қызметі 2017 жылы алты жыл мерзімге ратификацияланған болатын. ЮНЕСКО жүргізген 2023 жылғы аудит орталық жұмысының тиімді екенін растады.

Сарапшылар орталықтың Орталық Азия аумағында ЮНЕСКО аясында жұмыс істейтін жалғыз мамандандырылған гляциологиялық мекеме екенін атап өтті. Орталық су қауіпсіздігі саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Гляциологиялық орталық үш биік таулы станцияда – Тұйықсу мұздығында, Үлкен Алматы көлі аймағында және Жусалы кезең станциясында – көпжылдық мониторинг жүргізеді. Бұл станцияларда гидрометеорологиялық параметрлер, мұздық массасының балансы, қар жамылғысы, табиғи қауіпті процестер мен көпжылдық тоң тұрақты түрде бақыланады. Алынған деректер жаһандық мониторинг жүйелеріне жіберіліп, Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамаларында пайдаланылады, - деді Гүлзат Көбенова.

Қазіргі таңда орталық әлемнің тоғыз еліндегі 21 ғылыми ұйыммен әріптестік орнатқан. Сондай-ақ салалық мемлекеттік органдарды Сырдария, Әмудария, Іле және Шу–Талас өзендері бассейндеріндегі мұздықтар мен қар жамылғысының жай-күйі және ағынның қалыптасуы жөніндегі деректермен қамтамасыз етеді.

ЮНЕСКО орталықтың келісімін сегіз жылға ұзартуды және оның одан әрі дамуын қолдауды ұсынды. Бұл үшін ғылыми инфрақұрылымды нығайту және отандық әрі шетелдік сарапшыларды тарту жоспарланып отыр. Республикалық бюджет комиссиясы аталған бастама бойынша оң қорытынды берген.

Гүлзат Көбенованың айтуынша, келісімді іске асыру Қазақстандағы мұздықтарды сақтау бағытында стратегиялық маңызы бар ғылыми базаны сақтауға және болашақ үшін мықты ғылыми мектепті дамытуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы