Қазақстан мұнайының келешегі қандай? – Депутат пікір білдірді
Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясында өткен “Қазақстан мұнайы: перспективалар және жаңа ресурстар” атты сессияда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин еліміздің мұнай-газ саласына қатысты бірқатар өткір әрі маңызды мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңбыршин өз сөзінде Қазақстан экономикасының негізгі тірегі – мұнай-газ секторы екенін баса айтып, алайда бұл салада шешімін таппаған мәселелердің әлі де көп екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін ішкі жалпы өнімді 400 млрд долларға жеткізу жөнінде нақты тапсырма берді. Ал қазіргі болжам бойынша біз 300 млрд доллар деңгейінде қалып отырмыз. Алдағы үш жылда 100 млрд долларлық өсімді қамтамасыз етуіміз керек, – деді депутат.
Сондай-ақ реттелетін сатып алудағы импортты алмастыру деңгейін 60 пайызға жеткізу міндеті қойылғанымен, бұл салада да түбегейлі өзгерістер қажет екені айтылды.
Депутат еліміз жылына 100 млн тонна мұнай өндіруге міндеттеліп отырғанын, алайда нақты механизмдер әлі толық қалыптаспағанын атап өтті.
“Теңіз” жобасы толық қуаттылыққа шықса – 12 млн тонна қосылады. “Қашаған” да әлеуеті зор, бірақ күніне 1 млн баррельге жету үшін инвестиция мен технология керек. Алайда бізде квота шектеуі бар, өндірісті арттыру мен экспортты шектеу арасында қайшылық туындап отыр, – деді ол.
Ішкі нарықты мұнаймен қамту мәселесі де өткір тұр. Жаңбыршиннің айтуынша, инвесторлар ішкі нарыққа мұнай сатуға мүдделі емес, себебі ондағы баға айырмашылығы 15 долларға дейін жетеді.
Шымкенттегі төртінші мұнай өңдеу зауыты қалай және қай мұнаймен жұмыс істейді? Қазір бұл зауытты шикізатпен қамтамасыз ету өзекті мәселе. Ішкі нарықта коммерциялық қызығушылық жоқ, – деді депутат.
Президенттің тапсырмасы бойынша 2,2 млн шаршы шақырым аумақта геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл бағытта нақты индикаторлар бекітіліп, Салық кодексіне өзгерістер енгізілген, атап айтқанда “сарқылу” ұғымы енгізіліп, салықтық преференциялар қарастырылған.
Қазір Қазақстан жылына 60 млрд доллардың импорттық тауары мен қызметін тұтынады, оның 10-13 млрд доллары мұнай-газ және энергетика саласына тиесілі. Осы бағытта ҚазМұнайГаз және басқа да ірі компаниялармен бірлескен жұмыс басталған. Жаңбыршиннің айтуынша, Парламент пен министрлік импортты алмастыру бойынша нақты заң жобаларын қабылдаған.
Депутат мұнай-газ саласындағы ірі жобаларға жаңа тәсілдер керек екенін айтты. Оның пікірінше, инвесторларға мемлекет тарапынан кепілдік беру, ал контрактілерді сервистік форматқа көшіру – саладағы инвестициялық климатты жақсартуы мүмкін.
Бәлкім, бізге арнайы заң қабылдау керек шығар. Мұндай заң мұнай өңдеу, газ өңдеу, импортты алмастыру сияқты түйткілді мәселелерді шешуге көмектесер еді, – деді депутат.
Едил Жаңбыршиннің пікірінше, мұнай-газ секторы әлі де болса Қазақстанның негізгі экономикалық тірегі болып қала бермек. Алайда қазіргі кезеңде ресурстарды арттырумен қатар, инвестициялық тартымдылықты сақтап, мемлекеттің мүддесін қорғау – басты міндеттердің бірі.
Бұл бағытта ғалымдар, сарапшылар, өндірістік компаниялар бірлесе отырып нақты шешімдер қабылдауы қажет. Мемлекет пен инвестор мүддесі арасындағы балансты сақтау – стратегиялық маңызды, – деп қорытындылады сөзін депутат.