21 Қазан 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мұнай бағасы 131 долларға жетті: Бұл Қазақстанға не береді?

Қазақстан экспорттайтын CPC Blend мұнайының бағасы барреліне 130,99 долларға жетіп, Brent маркасынан 19,6 пайызға қымбаттады. Мұнайдың қымбаттауы Қазақстанның экспорттық кірісі мен Ұлттық қорға түсетін қаражатты арттыруы мүмкін. Алайда әлемдік нарықтағы бағаның өсуі ел табысының дәл сондай көлемде ұлғаятынын білдірмейді. Жоғары бағаның бюджет пен теңгеге ықпалы туралы толығырақ BAQ.KZ материалында.

Мұнай бағасы неге күрт өсті?

20 қазанда әлемдік мұнай нарығында өсім жалғасты. Reuters дерегіне сәйкес, Brent маркасының фьючерстері барреліне 110,10 долларға жетті. Бұл – 2026 жылғы 20 мамырдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Brent бағасы соңғы бір аптада 4,04 пайызға, бір айда 5,86 пайызға өсті. Үш айдағы өсім 26,19 пайыз болса, жылдық көрсеткіш 80,6 пайызға жеткен. Соңғы бірнеше сауда сессиясында баға шамамен 105 доллардан 110 долларға дейін көтерілді.

Америкалық WTI маркасы да қымбаттады. 20 қазанда қараша айына арналған фьючерстер барреліне 103,91 доллар, желтоқсан айына арналған келісімшарттар 98,93 доллар деңгейінде бағаланды.

Қазақстан экспорттайтын CPC Blend мұнайының бағасы бұдан да жоғары. Cbonds мәліметінше, 20 қазанда оның бір баррелі 130,99 доллар болған. Бұл сол күнгі Brent бағасынан 21,44 долларға немесе 19,6 пайызға артық.

Салыстыру үшін, сол кезеңде Үндістанның мұнай себеті 112,91 доллар, Бразилияның Lula сұрпы 112,29 доллар, DME Oman 110,70 доллар, Нигерияның Brass River мұнайы 110,52 доллар, Сауд Арабиясының Arab Light сұрпы 100,27 доллар, ал WTI 98,54 доллар деңгейінде бағаланған.

Дегенмен бұл көрсеткіштерді тікелей салыстырғанда жеткізу шарттарын ескеру қажет. Мұнай бағалары әртүрлі шарттар бойынша есептелетіндіктен, Brent пен CPC Blend арасындағы айырманың барлығын қазақстандық экспорттаушылар алатын үстеме табыс деп қарастыруға болмайды.

CPC Blend бағасы соңғы бес жылда бірнеше рет күрт өзгерген. 2026 жылғы мамырдағы шарықтаудан кейін жаздың ортасына дейін төмендеген баға тамыздан бастап қайта өсе бастады. Қыркүйекте өсім үдеп, қазанның 19-ына қарай қазақстандық сұрып жаз бойғы арзандаудың басым бөлігін өтеді.

Дегенмен тарихи рекорд әлі жаңарған жоқ. 2022 жылғы наурызда CPC Blend бағасы барреліне шамамен 140 долларға жеткен. Қазіргі көрсеткіш сол межеден шамамен 9 доллар төмен.

Қазақстан мұнайы неге Brent-тен қымбат?

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қазіргі нарықтағы басты ерекшеліктердің бірі – биржалық фьючерстер мен нақты жеткізілетін мұнай бағасының арасындағы алшақтық екенін айтады.

Қазір бағада айтарлықтай алшақтық бар. Мысалы, Азиядағы жағдайды алайық. Жаңалықтарды бақылап отырсаңыз, портта тұрған мұнайдың нақты бағасы қазір барреліне 150 долларға жеткенін көресіз. Ал фьючерстердің бағасы қазіргі уақытта барреліне шамамен 110 доллар, нақтырақ айтқанда, 105–110 доллар деңгейінде. Бірақ сатып алушыны күтіп, портқа жеткізіліп қойған мұнайдың бағасы мүлде басқа, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, бұған дейін жағдай керісінше болған. Әдетте фьючерстердің бағасы нақты жеткізілетін мұнайдан жоғары тұратын. Ал физикалық мұнайдың құны сұрыпына және берілетін жеңілдік мөлшеріне қарай өзгеретін.

Қазір мұнай жеткізуге қатысты қиындықтар жағдайды күрделендіріп отыр. Сарапшы Ормуз бұғазы маңындағы ахуалға назар аударып, бірер күн бұрын VLCC санатындағы екі танкер минаға жарылғанын айтты. VLCC – Very Large Crude Carrier, яғни аса ірі мұнай танкерлері. Олардың әрқайсысы 2 миллион баррельге дейін мұнай тасымалдай алады.

Қазіргі бағамен есептесек, әр танкердің бортындағы мұнайдың құны 200 миллион доллардан асқан. Соған қарамастан, екі танкер де минаға жарылды, – дейді Олжас Байділдинов.

Мұндай жағдай мұнай жеткізуді қиындатып, сақтандыру мен тасымалдау шығындарын арттырады. Сарапшының айтуынша, мұнай тасымалдайтын танкерлердің қызмет ақысы кейбір жағдайда үш есеге жуық қымбаттаған.

Криптовалютаға немесе басқа активтерге инвестиция салу керек дегенде, “Мұны кім алдын ала білді?” деген сұрақ туындайды. Криптовалютаға емес, танкерге инвестиция салу керек еді. Қазір танкермен тасымалдау қызметі әлдеқайда қымбат болар еді, – деп түсіндірді ол.

Қазақстан мұнайының бағасына да осы жағдай әсер етіп отыр. Бұрын қазақстандық мұнай көбіне ресейлік Urals маркасымен салыстырылып, жеңілдікпен сатылатын. Ал Urals өз кезегінде Brent-тен арзанырақ бағаланатын.

Қазір жағдай өзгерген. Нақты жеткізілетін Brent мұнайы нарықта тапшы болғандықтан, Қазақстанның экспорттық қоспасы одан да жоғары бағамен сатылуы мүмкін.

Мысалы, қазір Еуропада Қазақстан мұнайы жоғары бағаланып отыр. Оның нақты бағасы биржалық котировкаларда көрсетілген деңгейден де асып түсуі мүмкін, – дейді сарапшы.

CPC Blend негізінен Қазақстанның Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарынан келетін көмірсутектер қоспасынан тұрады. Мұнай Каспий құбыр консорциумының жүйесі арқылы Қара теңіз жағалауына жеткізіліп, одан әрі танкерлермен шетелдік сатып алушыларға жөнелтіледі.

Қазақстандық сұрыптың артықшылықтарының бірі – физикалық сипаттамалары. CPC Blend мұнайының API шкаласы бойынша тығыздығы шамамен 45,3 градус. Бұл оны жеңіл мұнай қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Brent көрсеткіші шамамен 37,5 градус.

Қазақстандық қоспадағы күкірт мөлшері шамамен 0,56 пайыз. Бұл Brent-тен сәл жоғары болғанымен, мұнайдың жеңіл болуы оны өңдеу кезінде бензин компоненттерін, нафтаны және басқа да сұранысқа ие өнімдерді көбірек алуға мүмкіндік береді.

Биыл қазақстандық экспорттық сұрыптың мерейтойы да аталып өтті. 2026 жылғы 13 қазанда Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы арқылы алғашқы танкерлік жөнелтілім жасалғанына 25 жыл толды.

Мұнай қымбаттаса, бюджет қанша пайда көреді?

Мұнай бағасының өсуі экспорттық кіріске, бюджетке және Ұлттық қорға түсетін қаражатқа әсер етуі мүмкін. Алайда экономист, сарапшы Айбар Олжайдың түсіндіруінше, бұл жерде бір күнгі баға емес, жылдық орташа көрсеткіш маңызды.

Мысалы, мұнай бағасы бүгін 131 долларға жетіп кетсе, жылдық орташа баға 131 доллар болады деген сөз емес. Біздің мұнай өндіруші компаниялар трансферттік баға арқылы есептейді. Бұл жерде жылдық орташа баға маңызды, – дейді экономист.

Оның айтуынша, жылдық орташа баға жоғарылаған сайын мұнай өндіруші компаниялардың кірісі артуы мүмкін. Соған сәйкес корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы (НДПИ) және роялти түріндегі төлемдер көлемі де ұлғаяды.

Сондықтан бізге, әрине, тиімді. Қорға түсетін қаражат көбейеді. Мысалы, бюджет трансферттері жеткіліксіз болса, сол орынды толтыруға қосымша кіріс көмектеседі, – деп түсіндірді Айбар Олжай.

Экономист қосымша кірісті бағалаудың өзіндік әдістемесі бар екенін атап өтті. Есептеулерде мұнай компаниялары, белгіленген шекті баға және мұнай қымбаттаған жағдайда мемлекетке түсуі мүмкін қосымша кіріс ескеріледі. Бұл ретте тиісті салықтар төлене береді.

Егер 2026 жылы мұнайдың жылдық орташа бағасы жоғары болса, одан түсетін кіріс жылдың соңына қарай артуы мүмкін. Алайда мұнай бағасының қысқа мерзімде күрт өсуі жылдық орташа көрсеткіштің дәл сондай деңгейге жететінін білдірмейді.

Сондықтан бюджет жоспарлағанда мұнайдың жоғары бағасын тұрақты кіріс ретінде қабылдауға болмайды.

Біз енді өзіміз үшін мұнай бағасының қымбат болғанын қалағанымызбен, мұнай бағасы жоғары болса да, бюджетке мұнайдың қымбат бағасын ешқашан негізге алмаймыз. Өйткені мұнай бағасы өзгеріп отыруы мүмкін. Біз бюджетке мұнай бағасының жоғары деңгейін негізге алмаймыз, – дейді Айбар Олжай.

Оның сөзінше, бюджет кірістерінің көлемі мұнай бағасына байланысты шамадан тыс өспеуі және болжамнан алшақтап кетпеуі үшін барлық көрсеткіш алдын ала есептеледі. 2027–2029 жылдарға арналған межелік бюджетте мұнай бағасының базалық сценарийі белгіленген. Ол 2025–2026 жылдарға арналған базалық болжамдармен байланысты.

Мұнай бағасы теңгеге қалай әсер етеді?

Мұнайдан түсетін кірістің артуы теңге бағамына да ықпал етуі мүмкін. Айбар Олжайдың түсіндіруінше, мұнай компаниялары салықтарын теңгемен төлейтіндіктен, шетел валютасындағы қаражатының бір бөлігін теңгеге айырбастайды. Соның нәтижесінде ұлттық валютаға деген сұраныс артуы ықтимал.

Жылдық орташа әсерін алсақ, мұнайдан түсетін табыстың теңгеге ықпалы шамамен 30–33 пайыз деңгейінде. Бұл әсер неғұрлым жоғары болған сайын, теңге өзін жақсырақ сезінеді, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, биылдан бастап теңге мұнай бағасының ықпалымен нығаю бағытына түсті. Бұған мұнайдың орташа бағасының өсуі оң әсер етіп отыр.

Дегенмен мұнайдың қымбаттауы теңге бағамын жалғыз өзі айқындайтын фактор емес. Мұнайдан түсетін кіріс пен валютаға сұраныс арасындағы байланыс болғанымен, нақты бағамға басқа да экономикалық жағдайлар ықпал етеді.

КТК-дағы тәуекел қымбат мұнайдың пайдасын шектеуі мүмкін

Олжас Байділдинов мұнайдың қымбаттауы Қазақстан үшін тиімді болғанымен, жеткізілімге кедергі туындаса, жоғары бағаның пайдасы шектелетінін айтады.

Қазір жағдайды Ормуз бұғазы маңындағы ахуал күрделендіріп отыр. Ал КТК-ға шабуыл жасалса, әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуі бізге айтарлықтай көмектеспейді. Өйткені біз мұнайды бұрынғыдан аз көлемде жеткізуге мәжбүр боламыз, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, әзірге КТК-дағы жағдайдың салдары Қазақстан бюджеті мен «ҚазМұнайГаздың» кірісіне айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ. Мұнай өндіру көлемінің азаюын бағаның өсуі өтеп отыр.

Мәселен, “ҚазМұнайГаз” мұнай өндіру көлемін шамамен 10 пайызға азайтқанымен, кірісі артты. Бұған мұнай бағасының қымбаттауы себеп болды. Яғни бағаның өсуі кірістің төмендеуін өтеді, – деп түсіндірді ол.

Сарапшының бағалауынша, әзірге Қазақстан бұл жағдайдан айтарлықтай шығынсыз шыққанымен, бұдан да көп табыс табуға мүмкіндік болған.

Сонымен қатар соңғы уақытта Қазақстаннан немесе Новороссийскіден Еуропа порттарына мұнай тасымалдауға ниетті компаниялар саны азайған. Танкерлер мен оларға иелік ететін компаниялар шабуылға ұшырау қаупіне байланысты тасымалдау кезінде сақтық танытуға мәжбүр.

Мысалы, Новороссийскіден шығатын танкерлердің барлығы қазір шабуылға ұшырамау үшін Қара теңіздің оңтүстік жағалауын бойлай жүреді. Осылайша, бейтарап суларға немесе басқа да қауіпті аймақтарға кіріп кетпеуге тырысады, – дейді Олжас Байділдинов.

Бұл жағдай мұнай жеткізілімінің тұрақтылығына қатысты тәуекелдерді күшейтеді. Сарапшы қазіргі қолайлы баға ахуалы ұзаққа созылады деп кесіп айтуға болмайтынын ескертеді.

Жоғары баға қанша уақыт сақталуы мүмкін?

Олжас Байділдиновтің пікірінше, мұнайдың қымбат бағасы ұзақ уақыт сақталады деп болжауға асықпау керек. Таяу Шығыстағы жағдай өзгерсе, нарықтағы баға да тез төмендеуі мүмкін.

Егер ертең Парсы шығанағында қандай да бір бітімге қол жеткізіліп, мұнай жеткізу қайта жанданса, баға барреліне 80–90 доллар деңгейіне түседі деп ойлаймын. Яғни мұнай айтарлықтай арзандайды, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, Қара теңіздегі жағдай қалыпқа келсе, Қазақстан мұнайына беріліп отырған үстеме баға да дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралуы мүмкін.

Мұнай бағасының алдағы қозғалысы Таяу Шығыстағы жағдайға, танкермен тасымалдаудың қауіпсіздігіне, жеткізілім көлеміне және нарықтағы ұсынысқа байланысты болады.

АҚШ-тағы мұнай қорының өзгерісі де алдағы күндері нарыққа әсер етуі ықтимал. Reuters жүргізген алдын ала сауалнамаға қатысқан сарапшылар елдегі шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің қоры азаяды деп күтеді. Егер ресми статистика бұл болжамды растаса, котировкалар қосымша қолдау алуы мүмкін.

Қазақстан үшін қазіргі баға жағдайы экспорттық кірісті және Ұлттық қорға түсетін қаражатты арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты қаржылық нәтиже мұнайдың қанша көлемде жөнелтілетініне, келісімшарт талаптарына және тасымалдау құнына байланысты.

Сондықтан негізгі мәселе – мұнайдың баррелі қанша доллар тұратыны ғана емес, Қазақстан сол бағада қанша мұнайды нарыққа жеткізе алатыны. Әлемдік баға жоғары болғанымен, тасымалдау жолдарына қауіп төнсе, экспорт көлемі азайып, елдің нақты табысы күткен деңгейге жетпеуі мүмкін.

Ал егер Таяу Шығыс пен Қара теңіздегі жағдай тұрақталып, жеткізілім қалпына келсе, мұнай бағасының қазіргі үстемесі қысқаруы ықтимал. Қазақстан үшін бүгінгі қымбат мұнайдан түсетін табысты тиімді пайдалану маңызды болғанымен, ұзақ мерзімді бюджет пен экономикалық жоспарды уақытша баға өсіміне сүйеніп құру тәуекелді болып қала береді.