Қазақстан мұнай өңдеу қуатын 40 млн тоннаға дейін арттырады
2026-2033 жылдары жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланған.
Қазақстан Үкіметі елдегі мұнай өңдеу қуатын қазіргі 18,4 млн тоннадан жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарын жүзеге асыруда. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2026-2033 жылдары жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланған. Ол жылына 10 млн тонна мұнай өндірмек.
2026-2033 жылдары жаңа МӨЗ-дің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, құрылыс жүргізу және іске қосу жұмыстары қарастырылған. Нәтижесінде елдегі мұнай өңдеу қуаты жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізіледі, – деді вице-министр.
Ол министрлік жобаның үйлестірушісі ретінде жаңа зауытты шикізатпен қамтамасыз ету көздері мен жанар-жағармай материалдарына деген болжамды сұранысқа сәйкес өнім түрлерін айқындау бойынша бастапқы деректерді әзірлеуді бастағанын атап өтті.
Бұл алдағы кезеңде зауыттың конфигурациясын, технология лицензиясын берушіні және жаңа өндіріс орнының орналасатын жерін таңдауға мүмкіндік береді, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.