Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастық күшейе түседі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Л.Баттулга мырза кездесу өткізді.
Кездесуде академия мен Моңғолияның ғылыми ынтымақтастығы туралы бүкпесіз пікір алмасып, тараптар болашақ ортақ жоспарлар жайында ой бөлісті.
Академия басшысы Алтын орданың 750 жылдығына байланысты жарық көрген бірқатар еңбекті елшіге табыс етті. Әсіресе, Рашид ад-диннің «Жамиг ат тауарих» шығармасының моңғол тіліндегі 3 томдық толық аудармасы бас елшіні қуанышқа бөледі.
Әлемге әйгілі бұл еңбек Шыңғысханның дәуірі туралы шынайы мәлімет беруімен құнды. Оның моңғол тіліне толық аударылуы ежелгі тарихымыз туралы дерекқорды байытып, шығыстану саласын жаңа белеске көтереді. Әріптес ғалымдарға алғыс айтамын, - деп ықыласын білдірді елші мырза.
Бұл еңбек – ағылшын тілінен моңғол тіліне аударылып, ғылыми түсініктермен қамтамасыз етілген академиялық басылым. Кітапты ағылшын тілінен моңғол тіліне аударған Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, профессор, белгілі аударма шебері Г.Аким, жауапты редакторы Моңғолия Ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.Сүхбаатар. Еңбек академия мен Моңғолияның Ұлттық музейінің бірлескен жобасы аясында жарияланды.