Қазақстан мобильді интернетті Түркиядан артық пайдаланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың басында бүкіл әлемде интернетті пайдаланушылар саны 4,9 млрд адамды құрады. Бұл дегеніміз – әлем халқының үштен екісі. Соңғы 10 жыл ішінде пайдаланушылар саны 2,2 есе өскен.

Интернетті пайдаланушылар санының өсуімен бірге пайдаланылатын трафик көлемі де артатыны түсінікті. Бір пайдаланушы тұтынатын интернет-трафиктің көлемі де өсті. Мәселен, 2022 жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш 11,781 Гб-ты құрады. Ал 2021 жылдың төртінші тоқсанында 9,885 Гб болған еді.

Мобильді интернет-трафикті тұтыну Қазақстанда да артып келеді. Мәселен, Beeline-ның Қазақстандағы желісінде 2021 жылы бір пайдаланушыға шаққандағы деректер трафигінің көлемі үштен бірге өсті. Нақтырақ айтсақ, оператордың деректері бойынша, 2021 жылдың төртінші тоқсанында бір пайдаланушы тұтынған трафик көлемі 14,1 Гб-қа жетті. Бұл бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 28,2 пайызға жоғары. Өз кезегінде Kcell-дің де көрсеткіштері өскен. Дәлірек айтсақ, 2020 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда былтыр дәл осы кезеңдегі өсім 18,3 пайызды құрады. Сонда бір пайдаланушы 11,6 Гб тұтынады. 

Айта кетерлігі, Қазақстанның көрсеткіші әлемдегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Бұл ретте Қазақстан мобильді интернет-трафикті көп тұтыну көлемі бойынша ТОП-15 елдің қатарына кіреді. Осылайша, 2021 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда бір пайдаланушыға шаққанда мобильді интернет-трафикті тұтыну 14,4 Гб-ты құрады. Бұл орташа мәннен 46 пайызға жоғары.

Сонымен қатар көрсеткіш Түркия (13,6 Гб), Сингапур (13 Гб), Италия (12 Гб), Грекия (6,2 Гб), Бельгия (5,4 Гб) секілді елдердің деңгейінен артық. 

Атап өтерлігі, трафикті тұтыну көлемі өссе де, Қазақстандағы мобильді интернет бағасы арзандауда. Әдетте, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мұндай жағдайда баға қымбаттауы тиіс еді. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1 Гб интернет-трафиктің орташа бағасы 110,5 теңгені құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 9,7 пайызға төмен. Сонымен қатар сектордағы бағаның арзандауы бірінші жыл орын алып отырған жоқ. Мысалы, 2017 жылы 1 Гб үшін орташа баға 234,1 теңгені құраған еді.

Сондай-ақ дыбыстық қосылу минуттарының құны да төмендеуде. Мәселен, 2021 жылы көрсеткіш орта есеппен 1,19 теңгені, 2020 жылы – 1,2 теңгені, 2019 жылы – 1,34 теңгені, 2018 жылы – 1,41 теңгені құрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы