Қазақстан Миланда өтетін қысқы олимпиадаға тағы 12 лицензия жеңіп алды

Конькимен жүгіруден 14 қараша мен 14 желтоқсан аралығында АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өткен Әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 12 лицензия жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Лицензия иегерлерінің есімі мен спортшылар саны ұлттық құрама бас бапкерінің шешімінен кейін белгілі болады. Болжам бойынша, 2026 жылғы қысқы Олимпиадада конькимен жүгіруден ел намысын 5 спортшы қорғайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін мәнерлеп сырғанау спортынан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, екі жолдама жеңіп алған еді. Сонымен қатар отандық шорт-трекшілер ел қоржынына тағы 9 жолдама салды. Бапкерлер штабының шешімімен Миланда Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан бақ сынайды. Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың үш түрінен 23 лицензия бар.

Олимпиадаға арналған нақты лицензия саны 2026 жылғы қаңтар айының соңында белгілі болады.

XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы