Қазақстан мергендері Азия чемпионатында тағы 3 алтын медаль алды

Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында өтіп жатқан нысана көздеуден Азия чемпионатында Ұлттық құрама спортшылары тағы 3 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Спортты дамыту дирекциясының ақпаратынша, әуелі 50 метрден винтовкамен жатып атудан ерлер сайысында Константин Малиновский екінші мәрте қатарынан қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.

Ал дәл осы жаттығудан командалық бәсекеде Константин Малиновский, Ислам Сатпаев, Юрий Юрков алтыннан алқа тақты.

Жылжымалы нысана көздеуде Александра Садуакасова, Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова үштігі командалық сайыстың чемпионы атанды.

Мұнда жекелей сында Александра күміс, Зухра қолаға ие болды.

Ерлер арасында Асадбек Назиркульев, Андрей Худяков пен Илья Зотеев командалық сында үшінші сатыға тұрақтады.

Сосын, 50 метрден винтовкамен жатып нысана көздеуден әйелдер сайысында Арина Алтухова күміс жүлдеге ие болды.

Осы жаттығуда командалық сайыста Қазақстан құрамасы (Арина Алтухова, Александра Ле, Елизавета Безрукова) 3-орынға тұрақтады.

Ересектерден бөлек, жасөспірімдер де жарыс жолына шығып бірнеше жүлде алды.

Елу метрден винтовкамен жатып атуда жекелей сында Матвей Тимофеев күміс жүлдеге ие болса, командалық сында Ерден Базаров, Матвей Тимофеев пен Руслан Загитов үштігі 2-орыннан көрінді.

Винтовкамен 3 позицияда оқ атудан командалық сайыста Зере Кимбильева, София Шульженко мен Софья Малкина екінші орыннан көрінді.

Ал 50 метрден винтовкамен жатып атудан командалық бәсекеде София Шульженко, Софья Малкина мен Лилия Гилева қолаға қол жеткізді.

Айта кетейік, сары құрлық додасы 2 қарашаға дейін жалғасады. Қазір Қазақстан жалпы есепте 5 алтын, 6 күміс, 11 қола медальмен Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістаннан кейін 4-орында келе жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Өзгелердің жаңалығы