Қазақстан мен Жапония сауда айналымы 2 млрд долларға жетті – елші
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жетті. Бұған дейін біз мақсары майы мен табиғи балды экспортқа шығарсақ, енді жапониялықтар жылқы етін алуға ниеттеніп отыр. Екі ел арасындағы осы және өзге де сауда-экономикалық қарым-қатынастың мән-жайын Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев айтып берді.
Ерлан Кеңесұлы, Қазақстан мен Жапония арасындағы қатынастарда осы жылы қандай атап өтерліктей оқиғалар бар?
– Жапониялықтар үшін айрықша маңызды оқиғалардың бірі – 1 мамырдан бастап мұрагер ханзада Нарухитоның таққа отыруына байланысты Жапонияда жаңа жыл санауы басталады. Жапония үшін осы маңызды уақытқа Астана мен Токио тиісті декларацияға қол қою арқылы бекітілген «стратегиялық серіктес» ретінде келді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапониямен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударады. Мемлекет басшысының 2016 жылғы қарашада Токиоға жасаған ресми сапары ұлттық экономиканы жаңғыртуды сәтті жүзеге асыруға қажет жапониялық инвестицияларды және технологияларды тартуға бағытталған болатын. Қазақстан Республикасының Президентімен кездесу барысында жапониялық компаниялардың көшбасшылары қолайлы инвестициялық жағдай жасау бойынша Қазақстанның қызығушылығына жеке көз жеткізді.
Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін қалай сипаттауға болады?
– 2018 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты сауда айналымы 2 млрд долларды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 54% өсті – 1,3 млрд доллар.Осы кезеңде қазақстандық экспорт 70% өсіп, 1,5 млрд долларға жетті. Соңғы 6 жылда Қазақстанның Жапонияға экспорты жағымды үрдісті көрсетуде – ақшалай көрсеткіш бойынша 2013 жылғы 628 млн доллардан 2018 жылы 1,5 млрд долларға дейін 2 есе өсті.
Қазақстандық экспорттың тауарлық құрылымының басым бөлігін мұнай және металл құрайды – бұл тарихи қалыптасқан жағдайға және екі елдің халықаралық саудадағы экономикалық рөліне байланысты.
Осыған орай, елшілік қызметінің негізгі бағыты қазақстандық экспорттың құрылымын әртараптандыруға және оған шикізаттық емес тауарлар тобының үлесін ұлғайтуға бағытталған. Жапонияның тұтыну нарығы өздерінің ішкі өндірісімен толықтай қамтамасыз етілген, сондықтан жапониялық нарыққа шығу қатал бәсекелестікпен, арнайы талаптармен және ұлттық сұраныстың өзгешелігімен айқындалады. Осыған қарамастан, 2018 жылы қазақстандық компаниялар Жапонияға мақсары майын және табиғи балды экспорттады. Қазақстандық мал шаруашылығының өнімдерін, атап айтқанда жылқы етін жапон нарығына шығару мәселесі пысықталуда.
Қандай нақты инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда?
– Бүгінде Жапония еліміздің жетінші ірі шетелдік инвесторы болып отыр. 2017 жылы жапониялық инвестициялардың жалпы көлемі 357 млн долларды, ал 2018 жылдың 9 айында 304 млн долларды құрады. Инвестициялардың басым бөлігі мұнай-газ және тау-кен салаларының үлесінде. Бұған қоса, соңғы жылдары өндірістік сектордағы жапониялық капиталдың жанданып келе жатқанын атап көрсеткен жөн. Мысалы, тек 2018 жылдың өзінде келесі жобалар іске асырылды: 1) Қапшағайда «Nissin Foods» компаниясының тамақ өнімдерін шығару зауыты іске қосылды; 2) Алматыда «Tokyo Rope» компаниясының инженерлік қорғаныс жүйелерін шығаратын екінші зауыты ашылды; 3) Астанада «NYK Line» компаниясының көліктік-логистикалық терминалының құрылысы аяқталды; 4) Алматыда «Hino Motors» компаниясының сервистік-құрастыру орталығы ресми ашылуы болды.
2019 жылы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытудың қандай жоспарлары бар?
– Экономикалық ынтымақтастық туралы Қазақстан мен Жапонияның мемлекеттік және жеке секторларының Бірлескен комиссиясы – сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі тетігі. Биыл Токиода Бірлескен комиссияның және Іскерлік кеңестің 8-ші отырысын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Қазақстанда мұнай мен газ, металлургия, қаржы, тау-кен өнеркәсібі, автомобильді көтерме сату және логистика сияқты салаларда жұмыс істейтін 70-тен астам жапон кәсіпорындары бар. Қазіргі уақытта трансұлттық корпорациялар өкілдерінен тұратын Жапонияның «Keidanren» бизнес федерациясы миссиясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның инвестициялық ахуалын таныстыру мақсатында Токиода бизнес-форум өткізу жоспарланып отыр. Қабылдаушы елдің өңірлерімен сауда-экономикалық байланыстар Қазақстанның Кансай, Чубу және Кюсю аймақтарындағы Құрметті консулдықтары арқылы да қамтамасыз етіледі.
2019 жылдың 30 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе қатынасын орнатуды тапсырды. Бұл тапсырманың орындалуы қалай жүзеге асуда?
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана мен Токио арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы Жапонияның авиациялық биліктерімен келіссөздер жүргізілуде. Қазіргі уақытта тікелей рейстерді жүзеге асыру үшін тиісті құқықтық база бар. Елшілік «Нарита» әуежайында слот беру мәселесін шешті. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, осы жылдың екінші жартысында тікелей рейс ашу жоспарланып отыр.
Сұхбатыңызға рақмет!
Рахиля Бекназарқызы