Қазақстан мен ЮНИСЕФ балалар құқығын қорғауда ынтымақтастықты арттырады
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) жаңадан тағайындалған Өкілі Рашед Мұстафа Сарварды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомстводан мәлімдегендей, Қайрат Омаров сұхбаттасушыны осындай маңызды лауазымға тағайындалуымен құттықтап, ЮНИСЕФ-тің жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына сәйкес өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға үміт білдірді.
Балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатындағы басым міндеттердің бірі. Біз Қазақстан 1994 жылы қосылған бала құқықтары туралы Конвенцияға сәйкес балалардың өмір сүру, даму және әлеуетті толық іске асыру құқықтарын қорғауға міндеттіміз, – деді министрдің бірінші орынбасары.
Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оның ішінде ЮНИСЕФ-тің балаларға арналған әлеуметтік кепілдіктер саласындағы жобалық қызметін, сондай-ақ жанжал аймақтарынан оралған әйелдер мен балаларды қайта интеграциялауды талқылады.
Өз кезегінде Р. Саруар жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялауының 30 жылдығымен құттықтады.
Қазақстан балалардың құқықтарын қорғауда әсерлі табыстарға қол жеткізді және біз әрбір баланың арманын жүзеге асыру үшін жемісті ынтымақтастығымызды жалғастыруға дайынбыз, – деді ЮНИСЕФ өкілі.
Р. Саруар орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін балалық шақты қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және тамақтану сияқты бағыттар бойынша ЮНИСЕФ-пен өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар бүкіл Қазақстан бойынша балалардың әл-ауқаты мен дамуы үшін белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.