Қазақстан мен Түркия медицина саласында ынтымақтастықты нығайтуда
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен қазақстандық дәрігерлер түрік әріптестерімен медициналық салада тәжірибемен алмасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған жоба Түркияның «Медипол» медициналық мекемесі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
2023 жылғы 1-14 қазан аралығында өткізілген екі апталық біліктілігін арттыру курстарына Шығыс Қазақстан облысының аудандық ауруханаларынан келген он үш дәрігер қатысты. Хирургия, травматология, анестезиология, гинекология, педиатрия бөлімдерінің мамандары аса күрделі оталарға қатысып, соңғы үлгідегі медициналық аппараттардың жұмысымен және түрік медицинасындағы жаңа емдеу тәсілдерімен танысты.
Курс аяқталысымен қатысушыларға халықаралық дәрежедегі сертификаттар табысталды. Өз кезегінде қазақстандық дәрігерлер мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанына алғыстарын айтып, мұндай бастамалар одан әрі жалғасын табатындығына үміт білдірді.