Бүгiн 2026, 12:17 Фото: gov.kz

Қазақстан мен Түркия әскери транзитке келісті: Сенат құжатты бекітті

Құжат әуе кеңістігі арқылы әскери транзитке құқықтық негіз қалыптастырады.

Сенат депутаттары Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы әскери мүлік пен персоналды әуе кеңістігі арқылы транзиттеуге қатысты келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Келісім 2024 жылғы 11 қыркүйекте Астанада жасалған.

Құжат екі елдің аумағы үстінен әскери-көліктік және жалға алынған азаматтық әуе кемелерінің қонбай ұшуына құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Ол теңдік, серіктестік және өзара тиімділік қағидаттарына сүйенеді.

Келісімнің негізгі тармақтарының бірі – рұқсат алу тәртібін айқындау. Атап айтқанда, әскери әуе кемелері үшін жылдық дипломатиялық рұқсат нөмірі (DCN), ал басқа ұшулар үшін бір реттік рұқсаттар қарастырылған.

Сондай-ақ тараптардың қаржылық міндеттемелері белгіленген: аэронавигациялық, әуежай және жерүсті қызметтері үшін төлемдер аэронавигациялық ақпарат жинағында жарияланған тарифтерге сәйкес алынады.

Төтенше жағдайда қонуға мәжбүр болған кезде тараптар қажетті көмек көрсетуге, қауіпсіздік аймағын қамтамасыз етуге және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін техникалық мамандарға қолжетімділік беруге міндеттенеді.