Қазақстан мен Түрікменстан шекараны кесіп өтуге қатысты келісім жасады
Сенаторлар Қазақстан мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы мемлекеттік шекараның режимі туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында белгілі болды.
Бұған дейін, 2021 жылы 25 қазанда екі елдің үкіметтері Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімге қол қойған.
Жалпы, шекараны белгілеу және оны делимитациялаудан кейін шекарада тиісті тәртіпті орнату көзделеді. Бұл келісім арқылы жол мәселесі, өткізу пункттеріндегі жағдай және басқа да назар аударуды қажет ететін мәселелерде туындайтын барлық жағдайды реттеу күтілуде. Келісім Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы қатынастарды құқықтық негізде құру мен реттеуді мақсат тұтып отыр, - деп атап өтті сенатор Әлішер Сатыбалдиев.
Мемлекеттік шекараның режимі шекарада қолданылып жүрген ережемен мынандай тәртіпті құрайды: Біріншісі – мемлекеттік шекараны күтіп ұстау.
Екіншісі – мемлекеттік шекара арқылы адамдардың, көліктердің, жүктердің және басқа да мүліктің өтуі.
Үшіншісі – мемлекеттік шекара арқылы ұшуларды жүзеге асыру.
Төртінші – мемлекеттік шекарада, шекаралық белдеулерде, сондай-ақ шекаралық суларда шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру.
Бесінші – шекарадағы оқиғаны шешу.
Айта кетерлігі, Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын қорғау үшін бір шекара бөлімшесі, 4 шекара заставасы және радиолокациялық станциялармен жабдықталған 9 техникалық бақылау бекеті, 2 өткізу пункті жұмыс істеп тұр.
Құжат Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.