Қазақстан мен Түрікменстан арасында жаңа іскерлік келісімдер жасалды
Келіссөздер мен қол қойылған құжаттар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға және өзара тиімді жобаларды іске асыруға жаңа серпін береді деп күтілуде.
Астанада Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікмен үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы өтті. Жиынға Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, ал Түрікменстан тарапынан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Нөкерғұлы Атағұлыев тең төрағалық етті.
Отырыс барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және мұнай-газ салаларындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар білім беру мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті бағыттары талқыланды.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстанның екіжақты әріптестіктің барлық бағытын дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тиісті хаттамаға қол қойды.
Үкіметаралық комиссия отырысы аясында Қазақстан-Түрікмен бизнес-форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, даму институттарының және бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Форум жұмысына Түрікменстаннан 40-қа жуық және Қазақстаннан 100 компания қатысты.
Бизнес-форум нәтижесінде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы мен Түрікменстанның өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сондай-ақ «Silk Way Asia Trade» ЖШС мен «Hazar Logistik» қоғамдық қоры, «Silk Way Asia Trade» ЖШС мен ЖК «Gamma» арасында электрондық коммерция саласындағы әріптестік туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұдан бөлек, «Ashra Solutions» ЖШС мен «Ojar Aziýa» жеке кәсіпорны арасында инвестициялық-құрылыс саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім бекітілді.
Келіссөздер мен қол қойылған құжаттар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға және өзара тиімді жобаларды іске асыруға жаңа серпін береді деп күтілуде.