Қазақстан мен Тәжікстан ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы жылдар ішінде қазақ-тәжік ынтымақтастығы көп ғасырлы достық пен стратегиялық әріптестік бағытта тұрақты дамып келе жатқан елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Саяси диалог пен үкіметтердің үйлестірілген жұмысының арқасында ол үнемі сапалы жаңа мазмұнмен толығуда, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін қол қойылған одақтастық ынтымақтастық туралы декларация соның дәлелі.
Құжат біздің халықтарымыздың мүдделеріне толық жауап береді және одан әрі жақындасуға деген өзара ұмтылысты көрсетеді. Декларация саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға бағытталған нақты шараларды қамтиды. Осы орайда мен бауырлас Тәжікстанның көшбасшысы, құрметті Эмомали Шәріпұлы Рахмонға орасан еңбегі мен қазақ-тәжік қарым-қатынастарын тереңдету мен жан-жақты дамытуға қосқан үлесі үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді, - деді Мемлекет басшысы.