Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық әріптестікті тереңдетуге уағдаласты
2025 жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 1,2 млрд АҚШ долларынан асты.
Душанбе қаласына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Тараптар достық пен өзара сенімге негізделген саяси диалогты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.
Е.Көшербаев Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенім екіжақты қатынастардың сапалы жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашқанын атап өтті. Оның айтуынша, одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылуы стратегиялық әріптестікті нығайтудың маңызды кезеңі болды.
Экономикалық байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазақстан көптеген жылдар бойы Тәжікстанның ең ірі үш сауда серіктесінің бірі болып келеді. 2025 жылы өзара сауда көлемі 1,2 млрд АҚШ долларынан асты. Тараптар тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу үшін нақты шаралар қабылдауға келісті.
Ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кооперация, су ресурстарын ұтымды пайдалану және энергетикалық әріптестікті дамыту мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, халықаралық дәліздердің тиімділігін арттыру және транзиттік әлеуетті бірлесіп іске асыру жайы қаралды.
Министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы өзара іс-қимылға ерекше мән берілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасында 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Сапар аясында Ермек Көшербаев Душанбе қаласындағы Дусты алаңында тәжік мемлекеттілігінің негізін қалаушы Исмоил Сомони ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.