Қазақстан мен Татарстан аграрлық сектордағы ынтымақтастықты күшейтеді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Марат Зяббаровпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге келген делегация құрамына Татарстан Республикасы Министрлер Кабинетінің бас ветеринария басқармасының, "Красный Восток" МК", "Эдельвейс Групп", "Казанские деликатесы" компанияларының, Татарстан шаруашылықтарының өкілдері кірген. Олар Қазақстанға етті мал шаруашылығындағы, агроқұрылымдағы және жалпы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы тәжірибені зерделеу үшін келді.

Вице-министр аграрлық сектордағы өзара іс-қимыл елдер арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша АӨК өнімінің Татарстанмен тауар айналымы 61,1 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға артық. Сонымен қатар, тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайтуға мүдделілігін атап өтті.
Аманғали Бердалин етті мал шаруашылығы мен жылқы шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары және агро саланы сақтандыру туралы хабардар етті.

Жемшөп дайындаудан бастап дайын өнімді сатуға дейінгі толық циклді ет кластерлері құрылуда. Австралиялық тәжірибе бойынша алдағы 2 жылда қуаттылығы 98 мың бас ІҚМ 6 бордақылау алаңын, 50 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау кешенін, сондай-ақ бірінші мамандандырылған мал биржасын салу жоспарлануда. Министрлік әрбір жобаны толық сүйемелдеуді жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу біз үшін басым бағыт болып табылады. Біз ҚР аумағында бірлескен өндірістер құруға мүдделіміз, - деді вице-министр.

Өз кезегінде Марат Зяббаров барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін атап өтті.

Жұмыс бағдарламасы аясында делегация мүшелері Қазақстанның Ет одағының қызметімен танысты, Абай облысындағы мал шаруашылығы нысандарына барды, сондай-ақ Ақмола облысының шаруашылықтарына бару жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы