Қазақстан мен Таиланд сауда-саттығын нығайту келісіміне қол қойылды
Астанада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Таиланд Корольдігінің Премьер-министрінің орынбасары - сауда министрі Пхумтам Вечайячай екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Келісім екіжақты экономикалық қатынастарды ұзақ мерзімді және тұрақты негізде дамытуға бағытталған. Қазақстан тай инвесторларын тартып, салық және кедендік баждардан босату сияқты шарттарды ұсына алады. Бұл ел экономикасына оң әсер ете отырып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 35,9% -ға өсіп, $367,7 млн жетті. Бұл ретте қазақстандық өнімнің экспорты $55,3 млн дейін ұлғайды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Таиланд елімен сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың маңыздылығын айта келе, экспорт көлемін арттыру мақсаты тұрғанын жеткізді.
Таиланд Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі сауда серіктесі болып табылады. Біз металлургия өнімдерін, химия тауарларын, ауыл шаруашылығы мен минералдық ресурстарды қоса алғанда, $900 млн астам сомаға 100-ден астам тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз, — деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Бұл орайда Қазақстан Таиландқа бал, уылдырық, ет деликатестері, жоғары сапалы алкоголь және басқа да тауарларды жеткізе алады.
Тараптар өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде қой жүнін қайта өңдеу, мата, былғары және аяқ киім өндірісінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Қазақстан жаңа инвестициялық жобалар үшін бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтарды ұсынды.
Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрі Шаққалиев жоғары маржиналды тауарлар саудасын ұлғайту үшін авиакаргоны дамытуды және екі ел арасындағы қолайлы визалық режимді іскерлік белсенділікті жандандыруға қолдануды ұсынды.
Өз кезегінде Таиланд Премьер-министрінің орынбасары - сауда министрі Пхумтам Вечайячай екіжақты сауда қатынастарын дамыту және өзара сауда құндылығын арттыру тетігі ретінде Қазақстан Республикасында сыртқы саудаға жәрдемдесу жөніндегі Таиланд өкілдігін ашуды ұсынды. Ол сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлерді Таиландтағы сауда көрмесіне қатысуға шақырды.
Таиланд пен Қазақстан әрдайым жақсы қарым-қатынаста болды және біз екі ел де өздерінің экономикалық, сауда және инвестициялық қарым-қатынастарын одан әрі жақсартып, нығайта алады деп үміттенеміз. Соңғы 5 жылда Таиланд пен Қазақстан инвестицияларының жалпы көлемі $100 млн құрады 2017 жылы Қазақстан жалпы сауда көлемі $172 млн болатын ЕАЭО бойынша Таиланд серіктестерінің рейтингінде 2-орынды иеленді, - деді Таиланд Премьер-министрінің орынбасары - сауда министрі.