Қазақстан мен Словакия ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ниетті

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Словакия астанасына іс-сапармен барып, ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ниетін растаған Үкімет пен Парламент басшылығымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасап.

Братиславада вице-премьер-министр – Қорғаныс министрі Роберт Калинякпен, вице-премьер-министр Петер Кмецпен, Ұлттық кеңестің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мариан Керимен, Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің және Экономика министрлігінің мемлекеттік хатшылары Марек Эштокпен және Камил Шашкомен, сондай-ақ Словакия Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Петер Михокпен кездесулер өткізді.

Роман Василенконың Словакия Үкіметінің басшылығымен келіссөздерінде екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағы талқыланды. Астана мен Братиславаның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілігі аталып өтті, бұған әртүрлі деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру ықпал ететін болады. 2024 жылғы 3-4 қазанда Астанада өтетін Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 10-шы отырысы мен бизнес-форумға дайындық жұмыстарына ерекше назар аударылды.

Қазақстан мен Словакияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультациялардың кезекті раунды барысында Р. Василенко мен М. Эшток Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің ашқан мүмкіндіктеріне айрышқа мән берді.

ҚР дипломаты Словакияға Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық пен өзара қолдау мәселелері де талқыланды. Тараптар өзара іс-қимылдың қазіргі деңгейіне қанағаттанушылықтарын білдіріп, парламентаралық, ведомствоаралық және өңіраралық байланыстарды, сондай-ақ іскерлік, мәдени және білім беру саласындағы алмасуларды дамыту жоспарларын белгіледі.

К. Шашкомен өткен келіссөздер барысында өзара сауданың оң динамикасы аталып өтті, 2023 жылы сауда көлемі 13,3%-ға өсіп, 138,9 млн АҚШ долларын құрады. Энергетика, көлік, машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі, IT секторы және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Комиссияның 10-шы отырысының күн тәртібін энергетика, трансқұрлықтық көлік ынтымақтастығы және Еуропа мен Азия арасындағы жаңа жүк тасымалы бағыттары, сондай-ақ кадрларды даярлау және су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастық тақырыптарымен толтыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сыртқы істер министрлігі
Өзгелердің жаңалығы