Қазақстан мен Сингапур өзара инвестициялық қолдау көрсетеді

Мәжіліс 2018 жылғы 21 қарашада қол қойылған Қазақстан мен Сингапур үкіметтері арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның сөзінше, қаралып отырған заң жобасын Үкімет биылғы 2 қарашада Парламент Мәжілісіне енгізді және ол 2018 жылғы 21 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялауды көздейді.

Келісімнің мақсаты - неғұрлым тығыз екіжақты экономикалық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және екі мемлекеттің де әл-ауқатын арттыру.

Келісім аясында бірінші тарап екінші елдің инвесторларын өзінің ұлттық заңнамасы мен жалпы экономикалық саясатына сәйкес өз аумағына инвестициялауға ынталандырады және қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ екінші тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларына әділ және тең құқықты режимді, халықаралық құқыққа сәйкес толықтай қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, - деді депутат Мәжілісте.

Осы мақсаттарда Келісімде екі мемлекеттің инвесторлары үшін ұлттық режим мен барынша қолайлы режим айқындалды, залалдар үшін өтемақы және аударымдарды жүзеге асыру шарттары, төлем балансын қорғау және суброгация үшін шектеулер белгіленді. Сонымен қатар, Келісімде тараптар инвесторлардың инвестицияларын мемлекет меншігіне алмайды, экспроприацияламайды және мұндай жағдайлар туындағанда шарттар келісіледі деп көзделген.

Келісімде тарап пен екінші тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды, сондай-ақ тараптар арасындағы дауларды реттеу көзделген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы