Қазақстан мен Швейцарияның парламентаралық ынтымақтастығы нығая түсті

Сенат депутаты Әли Бектаев Қазақстан мен Швейцарияның парламентаралық достық тобының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Онда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, оның ішінде экономикалық және мәдени байланыстарды дамыту мәселелері қозғалды.

Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды стратегиялық әріптесі болып табылады. 1992 жылы елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері біз берік және сенімді қарым-қатынас орнаттық. Біздің мемлекеттеріміз сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді, мәдени байланыстар нығая түсуде және халықаралық алаңдарда өзара іс-қимыл жасауда. Біз өз кезегінде парламентаралық байланыстарды одан әрі кеңейтуге зор мән береміз, бұл екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді, - деп атап өтті Әли Бектаев.

Депутат алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, медицина, туризм және өңірлік даму сияқты салаларда тәжірибе алмасуға ықпал ететін бірлескен іс-шараларды ұйымдастыра отырып, өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті. Ол делегациялар алмасу және әртүрлі деңгейдегі кездесулердің көбеюі екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Әли Бектаев кездесу соңында парламентаралық өзара іс-қимыл келешегін талқылауға белсенді қатысқаны үшін әріптестеріне алғысын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: сенат
Өзгелердің жаңалығы