Қазақстан мен Сербия саяси және экономикалық байланыстарды нығайтады

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың үшінші раунды өтті. Кездесуде саяси ынтымақтастық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар, сондай-ақ алдағы екіжақты іс-шаралар күнтізбесі талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Сербияны Еуропадағы маңызды саяси әрі экономикалық серіктес ретінде бағалайтынын айтып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Сербия делегациясын басқарған Мемлекеттік хатшы Дамьян Йович Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктес деп атап, Алматыда өткен Үкіметаралық комиссия отырысының оң нәтижелерін жоғары бағалады.

Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға ниет білдірді. Сонымен қатар сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру, инвестиция тарту және екіжақты шарттық-құқықтық базаны дамыту жөнінде уағдаласты.

Сауда көрсеткіштері:

  • 2025 жылғы қаңтар–маусымда тауар айналымы – 45,8 млн АҚШ доллары (+3,85%), оның ішінде қазақстандық экспорт – 10,3 млн (+28%), Сербиядан импорт – 35,5 млн (-1,3%).
  • 2024 жылы жалпы сауда көлемі – 100 млн доллар (+9,7%), оның ішінде экспорт – 15,9 млн (+39,4%), импорт – 84,1 млн (+5,39%).
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы