16 Қыркүйек 2026, 10:58 Фото: ortcom.kz

Қазақстан мен Сербия қару-жарақ пен әскери техниканы бірлесіп сынамақ

Қазақстан мен Сербия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев таныстырды. Оның айтуынша, келісімге 2023 жылғы 29 қарашада Белград қаласында қол қойылған. Құжат екі ел арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты теңдік қағидаты негізінде орнатып, өзара тиімді дамытуға бағытталған.

Келісім әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізуді, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсетуді және жөндеуді көздейді. Сондай-ақ тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіп, технологиялар трансферін жүзеге асыра алады. Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынау.

Қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу кезінде әскери инфрақұрылым нысандары пайдаланылуы мүмкін болғандықтан, келісім ратификациялауға жатады, – деді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Қазақстан тарапынан келісімді іске асыруға Қорғаныс министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты болады. Екі ел әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құрады.

Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіптік кешені мен әскери-техникалық ынтымақтастығының дамуына қосымша серпін беретін болады, – дейді Қорғаныс министрінің орынбасары.